СҚО-ның тағы бір інжу-маржаны. Жақсы Жалғызтау жайлы не білесіз?

Жақсы Жалғызтау – Солтүстік Қазақстан облысында орналасқан елді мекен, тау және көлдің атауы. Kaz.tengritravel.kz порталы мен Aviata.kz сервисі бұл аймақтың несімен тартымды екендігі және демалыста бұл жаққа не үшін келуге болатыны жайлы баяндайды.

Солтүстік Қазақстан облысы республикада көлдер саны бойынша бірінші орында, ормандар саны бойынша екінші және жолдардың ұзындығы бойынша үшінші орынды иеленеді. Бүгін біз аймақтың бар байлығын бір өзіне жинаған ғажайып жер туралы айтамыз.

Жақсы Жалғызтау (Якши Янгистау деп те кездеседі) елдімекен, тау, көл атауын білдіреді. Олардың барлығы Айыртау өңірінде орналасқан.


Фото ИГО "Авалон" 

Атауындағы "жақсы" тіркесі қоныстануға қолайлы кезде пайда болғаны анық. Мұндай бағалаудың болуы әбден орынды, өйткені жақын жерде тұщы суы бар, балығы да мол көл болған.

Солтүстік Қазақстан облысындағы ең жақсы демалыс орындары аталды

Жақсы Жалғызтаудың жолдары да өте жақсы, тегіс, бұл өлкенің тауы мен қарағайлы орманының керемет үйлесімі сіздің демалыс күніңізді ұмытылмас етіп өткізуге атсалысады. Сондай-ақ, сәл ары қарай жүрсеңіз, туристерге танымал Зерендіге де баруға болады.

Жақсы Жалғызтау – 1848 жылдан бері келе жатқан шағын ауыл. Бірақ, аңыз бойынша, бір кездері бұл жерде Сібір татарлары князьдарының ордасы болған. Ертеректе бұл жерлер жоңғарлардың иелігінде болған екен. Ойрат нояндары мұнда аю аулаған.


Фото ИГО "Авалон" 

Қазір мұнда 400-ге жуық адам тұрады. Адамдар жылы жүзді, мейірімді, бірақ мұнда туристерге айтарлықтай қызмет көрсету жоқ. Бірақ мұнда тұрақты көлік қатынайды, ұялы байланыс пен интернет те жұмыс істейді, банк, дүкендер мен ауруханалар бар.

Туризм индустриясы мұнда әлі дами қоймағандықтан, мұнда жылы маусымда - сәуірден қазанға дейін демалған дұрыс. Жүзу, әрине, тек жазда және бұл үшін арнайы бөлінген жерде ғана болады (жабдықсыз жерлерде жүзсеңіз, айыппұл арқалайсыз, сонымен қатар жазатайым оқиғаларға да әкелуі мүмкін!). "Тихая бухта" демалыс орталығындағы жағажай жақсы жабдықталған.

Көл ортасындағы "жүрек" және тауға айналған батырлар. Имантау көлі жайлы аңыздар

Мұнда келушілердің көбісі балық аулауға қызығады. Көлде сазан, тұқы, шортан, алабұға, шабақ, табанбалық, торта, лақа, рипус бар. Бір кездері шаяндар болған, қазір олар жоғалып кетті дейді.


Фото ИГО "Авалон" 

Маусым айының басында бұл жерлерге "Тек қана солтүстікке 2022" экспедициясы аясында "Авалон" тарихи-географиялық қоғамы келді.

"Көл мен оның айналасында жарты күн ғана болып, оның қаншалықты ғажап екенін бағалап айту қиын, әрине. Біз ол жерде болған кезде ауа-райы салқын еді. Бірақ көлде балықшылар көп болды", - дейді "Авалон" қоғамының президенті Виталий Шуптар.

Көл өте үлкен, ұзындығы тоғыз шақырымға, ені сегіз шақырымға жуық, ауданы 43 шақырымнан асады. Тереңдігі - 10 метрден астам. Жағалауы таза, солтүстік-батыс бөлігінде ғана қамыс өседі. Түбі құмды немесе құмды-қиыршықтас. Көлдің суы тұщы, ағынды (Көлге Қарасу өзені құяды, одан Аққанбұрлық өзені шығады). Төбенің бүйірінде бұлақтар көп.

Көл фотоға түсуге де қолайлы. Мұнда су маңындағы және суда жүзетін құстар мекендейді. Орманды және дала ландшафтына бай бұл жер қыркүйек айында ерекше сұлу көрінеді.


Фото ИГО "Авалон"

Жақсы Жалғызтау тауы теңіз деңгейінен 729 метр биіктікте және қазақ шоқыларының Көкшетау қыратына жатады. Бұл төбе шыңдарының ішінде биіктігі бойынша төртінші орында (үш биік шың Бурабайда орналасқан), бірақ ең биік нүктесі Айыртау өңірінде. Тау осы аттас көлден оңтүстік-батысқа қарай бір шақырым жерде орналасқан, оның үстінде солтүстік-шығыс жағынан өте тік қабырға тұр. Оның беткейлері қарағайлы орманмен жабылған. Гранитті жыныстардың етегінде бұталар мен ормандар бар. Орманда көптеген саңырауқұлақтар мен жидектер өскен.

Қалай жетуге болады?

Астанадан Жақсы Жалғызтау көліне жеке көлікпен жету үшін бес сағаттай уақыт кетеді. Оған түзу жолмен жету үшін шамамен 400 шақырым қажет. Алдымен Атбасарға барып, солтүстікке Көкшетауға қарай бұрылу керек. Балкашиноны айналып өтіп, Сандықтауға баратын жолдың бойына түсіп, Приозерное (Аққанбұрлық) тас жолының бойымен көлге жетесіз. Бүкіл жол бойы керемет көрініске куә боласыз.

Мұнда қоғамдық көлікпен де жетуге болады. Мысалы, көлдің шығыс жағалауында Жақсы Жалғызтау ауылы, оңтүстік жағалауында Ақмола облысының Сандықтау ауданындағы Приозерное ауылы орналасқан. Сондықтан алдымен өзіңізге жақын елдімекенге жетіп, ары қарай жол тартасыз.

Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық. Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.

Әуе және теміржол билеттерін сатып алуға болатын "Авиата" қосымшасын мына сілтеме бойынша жүктеуге болады.