Шымкент - Алматы әуерейсінің жолаушысы әуекомпания өкіліне шабуыл жасады

Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметі өкілдерінің мәліметінше, Шымкент әуежайындағы желілік полиция бөлімшесіне Air Astana әуекомпаниясының 22 жастағы өкілі Шымкент - Алматы бағытындағы әуерейсінің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы шағымданды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Арызданушының айтуынша, жолаушы-әйел рейстің кешігуіне және ауысуына байланысты өзін дөрекі ұстап, балағат сөздер айтқан.

Реклама
Реклама

"Мән-жайды анықтау барысында көлік полицейлері Шымкент қаласының 43 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жанжал кезінде супервайзердің оң қолының білегінің жұмсақ тіндерінің көгеруі түріндегі дене жарақатын келтірді. Құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) және ҚР ӘҚБтК 73-1-бабының 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылды", - дейді Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметі.

Әкімшілік істер шешім қабылдау үшін Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды.

Еске салайық, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 15 АЕК айыппұл немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға, ал ұсақ бұзақылық 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алуға әкеп соғады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!