Шетелдіктердің Қазақстанға ағына артты ма? МСМ статистиканы көрсетті

2022 жылмен салыстырғанда биыл жаз басталғалы Қазақстанға келген шетелдіктер саны 3 есе артты. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметінің өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

"еQonaq ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша 1 маусым мен 23 шілде аралығында еліміздің қонақүйлерінде 250 468 шетел азаматы тоқтаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 еседен артық. Былтыр осы кезеңде 77 645 шетелдік туристер отандық қонақүйлерде демалған", - делінген хабарламада.

ТМД елдерінен келген туристер саны - 180 мың немесе 72 пайыз. Бір қызығы, өткен жылы дәл осы көрсеткіш 77 пайыз болған. Яғни, алыс шетелден келген туристердің үлесі артып отыр.

"Мәселен, Моңғолия - 11,6 есе (489-дан 5 683-ке дейін) Қытай - 8,5 есе (2 223/ 18 954), Үндістан - 4,7 есе (1 245/5 887), Оңтүстік Корея - 3,8 есе (939/3 585), Иран - 3,8 есе (237/897), Германия - 3 есе (1 659/5 054), АҚШ - 2,2 есе (1 237/2 761) өсті", - дейді МСМ өкілдері.

Шетелдік туристердің елімізде демалуға келетін басты бағыттары - бұл Алматы қаласы (1 маусым мен 23 шілде аралығында - 77 308 турист), Астана қаласы (38 463 турист), Алматы облысы (19 049 турист) және Маңғыстау облысы (15 062 турист).

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!