Шарын шатқалында сирек кездесетін сілеусін видеоға түсіп қалды

Шарын ұлттық саябағында Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусіні фототұзаққа түсіп қалған. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев видеоны әлеуметтік желіде жариялады.

Экология министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев Twitter-парақшасында Қызыл кітапқа енген сілеусіннің видеосын жариялады.

"Сіздермен жақында Шарын шатқалында Қызыл кітапқа енген Түркістан сілеусіні түсіп қалған фототұзақтағы видеоны бөлісіп отырмын. Бұл кадрлардан ел табиғатының бар сұлулығы көрінеді. Осы бірегейлікті бірге сақтауымыз қажет", - деп жазды ол.

Экология министрлігі басшысы бүгін, 3 наурызда Дүниежүзілік жабайы табиғат күні екенін айтты. Бұл күн 2013 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 68-ші сессиясында қабылданған.

"Біздің еліміз жабайы флора мен фаунаға бай. Қазақстанда өсімдіктердің 6000-нан астам түрі және омыртқалы жануарлардың 835 түрі бар. Орманды жерлер еліміздің 13 миллион гектарын алып жатыр. Табиғатты қорғау - біздің басты міндетіміз. Жыл сайын "ақбөкен" табиғатты қорғау акциясына қатысамыз, біздің инспекторлар күн сайын ауа райына қарамастан браконьерлермен күресіп, баға жетпес үлес қосып жатыр", - деп жазды министр.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от @kaz.tengritravel