Шарм әл-Шейх - Шымкент рейсінде ер адамнан діни мазмұндағы 93 кітап тәркіленді

Шымкент қаласының әуежайында Шарм әл-Шейх - Шымкент бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін тексеруден өту кезінде Тараз қаласының 27 жастағы тұрғынынан діни мазмұндағы 93 кітап табылып, тәркіленді. Бұл туралы Тengritravel.kz тілшісі көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Жалмағамбет айтты.

"Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-тармағының 1-бөлігі, яғни діни әдебиеттерді және діни мазмұндағы өзге де материалдарды, діни мақсаттағы заттарды әкелу, дайындау, шығару, басып шығару және тарату бойынша әкімшілік хаттама толтырып, сотқа жолдады. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 50 айлық есептік көрсеткіш (153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды", - деді көліктегі полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Жалмағамбет.

Сурет көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметінен

Айта кетейік, 2022 жылы көлік полицейлері діни қызмет саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтардың 13 дерегін анықтады, оның ішінде 6 - ҚР ӘҚБтК 453-бабы (Бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату) және 7 - ҚР ӘҚБтК 490-бабы бойынша (Қазақстан Республикасының діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу).

Сондай-ақ "Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы" 2011 жылғы 11 қазандағы №483-IV ҚР Заңының 9-бабының 3-бөлігіне сәйкес әр атаудың бір данасындағы жеке пайдалануға арналғандарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды әкелуді дінтану сараптамасының оң қорытындысын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана жүзеге асырады.