Рейстерді кешіктіргені үшін Air Astana-ға төртінші рет айыппұл салынды

Fly Arystan Алматы - Атырау бағыты бойынша рейсті кешіктіргені үшін Air Astana әуекомпаниясына айыппұл салынды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ИИДМ Азаматтық авиация комитеті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Комиттет өкілдерінің айтуынша, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша ААК рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін авиатасымалдаушыларды жауапкершілікке тартуды жалғастырады.

"Тергеу барысында 2022 жылдың 16 шілдесінде "Эйр Астана" компаниялар тобына кіретін "Fly Arystan" бөлімшесінің Алматы-Атырау бағыты бойынша КС-7202 рейсі 12 сағат 9 минутқа кешіктірілгені анықталды. Ұшуды күткен кезде осы рейстің жолаушыларына Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы Заңының 86-бабының 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақ үйде тұру бойынша қызметтер тиісінше ұсынылмаған", - делінген хабарламада.

Осыған байланысты, биыл 4 тамызда әуекомпанияға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, оған сәйкес әуекомпанияға 1 000 АЕК (3 063 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынған.

"Бұл "Эйр Астана" әуекомпаниясы тобының рейс кешіктірілген кезде жолаушылар құқықтарының бұзылуы себебінен өткен айда жалпы сомасы 12 млн теңгеден асатын әкімшілік жауапкершілікке тартудың төртінші жағдайы. Комитет заңнамада көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда авиатасымалдаушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін қажетті шаралар қабылдайды", – деп атап өтті Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.