Ресейлік екі азамат Мәскеуден Астанаға ұшып келген бетте қамауға алынды

Мәскеуден Астанаға ұшып келген Ресейдің екі азаматы қамауға алынды. Олар ұшақ бортында мас күйде жүрген және электронды темекі шеккен, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Көліктегі полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, заңбұзғандар елордалық әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.

"Өтініш берушінің айтуынша, ер адамдар әуе кемесінің бортында ұшу кезінде электронды темекі шеккен және бортсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Көлік полицейлері тексеру кезінде масаң күйіндегі 36 және 46 жастағы Ресей Федерациясының екі азаматын анықтады", - деді көліктегі ПД баспасөз қызметінің өкілдері.

Медициналық куәландырудың нәтижесі бойынша құқықбұзушылар «жеңіл» дәрежедегі алкогольдік масаң күйінде болған

"Шетел азаматтарына қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 441-баптың 1-2-бөлігі (Әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып әрқайсысына 55 айлық есептік көрсеткіш (189 750 тг) мөлшерінде айыппұл салынды", - делінген ведомство хабарламасында.

Айта кетейік, жыл басынан бері еліміздің көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 21 679 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін - 2292, әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтынғаны үшін - 79.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!