"Періштесі қақты". Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы әуе апатынан аман қалды

Жүгіруден Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Дэвид Рудиша Кенияның Каджиадо қаласының оңтүстігінде әуе апатына ұшырап, таңғажайып жағдайда аман қалды, - деп хабарлайды Nation Africa.

10 желтоқсанда Рудиша тағы бес жолаушымен кішігірім ұшақпен Кимана қорығының аумағына ұшып шыққан. Оның айтуынша, арада жеті-сегіз минут өткенде ұшақтың қозғалтқышы істен шығып, ұшқыш дереу апатты жағдайда қонуға болатын ыңғайлы жер іздей бастаған.

"Ол бір ыңғайлы жер көрді де сонда ұшақты қондыруға тырысты, алайда әуе кемесінің қанаты ағашқа тиіп, лайнерді айналдырып жіберді. Сөйтіп соғысудан аман қалып, әуе аппараты тасты жерге қонды", - дейді Рудиша әуе апаты жайында.

Оқиға салдарынан бір адам зардап шеккен - қабырғасын жарақаттаған жолаушыны Найроби ауруханасына жеткізген. Қалғаны тек жеңіл жарақат алған.

"Бұл өте қорқынышты сәт болды, жүрегіңді қолыңа алып, Құдайға сыйынасың. Ұшқыш ұшақты қондырып, қайғылы жағдайдың алдын алу үшін таңғаларлық жұмыс атқарды", - дейді кениялық спортшы.

Айта кетейік, 2019 жылы дәл осы спортшы өз көлігімен автобуспен бетпе-бет соқтығысқан. Ол кезде Дэвид Рудишаның көлігінің дөңгелегі жарылып, соның салдарынан автобусқа соқтығысқаны айтылған. Спортшыны ауруханаға жеткізгенде, ешбір жарақаты жоқ екені белгілі болған.

Кениялық Дэвид Рудиша 2012 жылы Лондонда және 2016 жылы Рио-де-Жанейро қаласында өткен Олимпиада ойындарында 800 метр қашықтыққа чемпионы және 2011 жылы Тэгу қаласында, ал 2015 жылы Бейжіңде өткен әле біріншілігінде осы қашықтықта жеңімпаз атанған. Сонымен қатар, ол осы қашықтықта рекорд орнатқан.