1 желтоқсанда Қазақстан Республикасының барлық тұрғындары Тұңғыш Президент күнін және ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойын атап өтті. Осы салтанатты шаралар аясында 2021 жылдың аяғында Алматы облысының Туристік ақпараттық орталығы Zhetysu Travel-дың қолдауымен 12-16 жас аралығындағы 7-9 сыныптардың 75 оқушысы тарихи туризм бойынша шеберлік сағатына қатысты. Олар үшін "Елбасы жолы" маршрутының нысандарына саяхат ұйымдастырылды.
Турды өткізу мақсаты - балалар мен жасөспірімдер туризмін және экскурсиялық қызметті дамыту. Іс-шаралардың алға қойған міндеттерінің арасында Алматы облысының балалары үшін "Көшбасшы жолы" бағдарламасы аясында саяхат ұйымдастыру, мәдени мұрамен таныстыру, сондай-ақ өскелең ұрпақтың бойында азаматтық пен патриоттық сезімді тәрбиелеу бар.
11 қарашада Атырау облысының, 5 желтоқсанда Түркістан облысының мектеп оқушылары үшін экскурсия ұйымдастырылып, балалар Қарасай ауданының Шамалған ауылына, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің саябағына барып, Елбасы оқыған Қарасай батыр атындағы мектепте және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің "Атамекен" тарихи-мәдени орталығында болды. Сонымен қатар оқушылар Қаскелең қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлерімен және коллекцияларымен, "Батыр бабаларға тағзым" мемориалды кешенімен және "Анаға құрмет" мұражай кешенімен танысты.
Айта кетейік, Алматы облысында туристік сектор табысты дамып келеді, мұны халықаралық деңгейде де мойындап отыр. 2021 жылдың 8 желтоқсанында "Көлсай көлдері" ұлттық паркінің қызметкерлері және Саты ауылының тұрғындары Ауылдық туризм бойынша Төртінші Бүкіләлемдік конференцияда Rural light cup алтын медалімен (оны "Бүкіләлемдік ауылдық туризмнің Оскары" деп те атайды) марапатталды. Бұл жүлде бүкіл дүние жүзінде ауыл шаруашылығын түлету, сондай-ақ ғаламдық тұрақты дамуды ілгерілету мақсатында тағайындалған болатын.