Мысыр министрлер кабинетіндегі Азаматтық алу мәселелері бөлімі басшысының орынбасары Шериф Аджиб ел азаматтығын 10 000 долларға алуға болады деген ақпаратты жоққа шығарды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
МВС Misr телеарнасының "Аль-Хекайя" бағдарламасында берген сұхбатында Шериф Аджиб осы мәселені түсіндіріп өтті. Сөзінше, 10 000 доллар - бұл азаматтық алуға өтініш бергенде алынатын алым. Ол бұл соманың қайтарылмайтынын атап өтті.
Сонымен қоса Аджиб азаматтық алуға болатын түрлі бағдарламалар туралы айтты. Аджиб атап өткендей, бұл бағдарламалар көпшілікке ұсынылып, тиісті бағалаудан өтіп, өзгерістер енгізілді. Бұл ретте инвестицияларға байланысты бағдарламаларға айрықша көңіл бөлінген.
Аджиб 2023 жылғы наурызда инвестициялық бағдарламаларға өзгерістер енгізілгенін айтты. Онда азаматтық алу үшін елде жылжымайтын мүлік сатып алып, банктарына инвестиция салу тәрізді талаптар қарастырылған дейді.
Мәселен, шетелдіктер Мысырдан жылжымайтын мүлік сатып алып, ел азаматтығын иеленеді. Ведомство басшысының орынбасары азаматтық алу үшін жылжымайтын мүліктің құны 300 000 долларға дейін жетуі керек екенін нақтылады. Ал оның қаражаты шетелден Мысырға аударылуға тиіс. Яғни шетелдік алғаш рет Мысырға келіп, ел аумағынан жаңадан салынған жылжымайтын мүлікті алса, ол мемлекеттің азаматтығын алады.
Аджиб азаматтық алудың тағы бір жолын айтып берді. Бұл бағдарламаға сәйкес шетелдік елге 500 000 доллар мөлшерінде депозит енгізеді. Үш жылдан кейін аталған сома мысыр фунтымен есептеліп, азаматқа қайтарылады. Сондай-ақ ел қазынасына 250 000 доллар енгізу арқылы да Мысыр азаматы атануға болады.
Бұдан бөлек Мысырда жаңа компания ашса немесе сол елдегі компанияға 450 000 доллар сома енгізсе де азаматтық алуға болады. Оның 100 000 доллары мемлекет қазынасына аударылады.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!