Мұнда жоңғарларды ойсырата жеңген және жер астына бай кітапхана жасырған. Қазақстанның оңтүстігіндегі тарихи жерлер жайлы

Оңтүстік Қазақстан өңірі әртүрлі кезеңдегі жергілікті тұрғындардың ғана емес, бүкіл мемлекеттің тағдыры шешілген тарихи маңызды жерлерге бай. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге сізге үлкен шайқастар болған және ғарышқа алғашқы ұшқан жерлер туралы баяндайды.

Ынтымақтастық мекені

Ордабасы таулы аймағы Шымкенттен батысқа қарай 40 шақырым жерде, Бадам ауылының маңында орналасқан. Ол бір кездері Қазақ хандығының тарихында маңызды шешімдер қабылдаған орын болуымен ерекшеленеді. Дәл осы жерде 1726 жылы үш жүздің ұлы құрылтайы өтті. Енді сол аттас ұлттық тарихи-мәдени қорықтағы Ордабасы тауының шыңында 28 метрлік стела бар, ол сол құрылтайдың құрметіне салынған, соның арқасында қазақ жүздері алауыздықты қойып, бостандық үшін бірге күресуге шешім қабылдаған.

 "Бірлік" монументінің үш жағы бар, ақ мәрмәрмен қапталған. Стеланың әр қыры үш жүздің өкілдерінің маңызды кездесуінің басында тұрған мемлекет қайраткерлері Төле би, Әйтеке би мен Қазыбек биді бейнелейді.

Сурет nik-ordabasi.kz сайтынан

Қорық аумағында "Бірлік шыңы" орналасқан. Аңызда айтылғандай, 1726 жылы соғысқа шақырылған сарбазалар өзімен бірге бір-бір уыс туған жер топырағын алып келді, сол көп уыс топырақтан Бірліктөбе құрылды. Оның биіктігі 14 метр, табанындағы диаметрі 80 метрге дейін.

Сурет nik-ordabasi.kz сайтынан

Қазақтардың жоңғарларға қарсы күресінің символы

Соңғы және тарихи мәліметтер бойынша, қазақ-жоңғар соғысының ең аңызға айналған шайқасы 1730 жылы "Ақтабан шұбырынды" дәуірінде (үлкен апат жылдары) болған. Қазақтар жаумен бетпе-бет келген аймақтың құрметіне Аңырақай шайқасы деп аталды. Ол Балқаш көлінің оңтүстік-шығысында, Итішпес көлінің жанында орналасқан. Бұл шайқасты көбінесе Бородино және Дон шайқасымен салыстырады.

Дәл осы Аңырақай шайқасындағы жеңістен кейін Абылай ханның даңқы шықты. Ол батырлар жекпе-жегіне жоңғар қолбасшысы Шарышпен шыққан батылдығымен көзге түсті. Бұл жекпе-жек аңызға айналған шайқастың бастауы болды.

Аңырақай шайқасына арналған ескерткіш Алматы-Бішкек тас жолының 35-шақырымында орналасқан. Ескерткіш шеңбердің ортасында орналасқан түсі мен биіктігі әртүрлі екі стеладан тұрады. Идеясы бойынша монумент - қазақ пен жоңғар арасындағы күрестің символы. Қызыл граниттен жасалған ең жоғарғы стела - көкке бағытталған, бұл шайқаста жеңіске жеткен қазақ халқының бейнесі. Сұр стеланың төбесі сынғандай және жоңғарлардың күйреген жеңісін білдіреді. Ескерткіште белгілер мен өрнектер бейнеленген.

Сурет silkadv.com сайтынан

Жоңғар қақпасы

Қазақстанның оңтүстік-шығысында, батысында Жоңғар Алатауы мен шығысында Барлық жотасы арасында Жоңғар қақпасы деп аталатын тау асуы бар. Бұл маңызды орын, өйткені дәл осы екі жотаның арасындағы жазық арқылы сауда керуендері өтіп, ғұндардың, Шыңғыс ханның әскерлері бері қарай өтіп кетіп жүрген. Алакөл жағалауынан Жоңғар қақпасы анық көрінеді. Сонымен қатар, бұл аймақ жел соғуымен ерекшеленеді, мұнда жел таулардан "төмен қарай соғады". Сондықтан мұнда секундына жеті метрге жететін дауылды жел жиі болады.

Академик Владимир Обручев 1951 жылы өзінің "Қазына іздеушінің жазбалары" деген кітабында "Желдің күші шынымен қатты, тіпті жүк тиеген түйе де оған қарсы тұра алмайды", - деп жазды.

Сурет silkadv.com сайтынан

Қазақ хандығының астанасы

XVI-XVIII ғасырларда Түркістан хандықтың ірі сауда және қолөнер орталығы болды. Бұл қаланың құндылығы мен маңыздылығын түсінген қазақ хандары оны астана мен басты резиденцияға айналдырды, бұл жерде билеушілердің таққа отыру салтанатты рәсімдері өткізілді.

Түркістанға алғаш орналасқан қазақ ханы - Есім хан (1598-1614; 1627-1628). Ал 1719-1724 жылдар аралығында қысқа үзілістермен қала Әбілқайыр ханның ордасы болды. 1771 жылы дәл осы жерде үш қазақ жүзінің өкілдері, қырғыздар мен Сырдария қалаларының тұрғындары Абылай сұлтанды ақ кілемге көтеріп, бүкіл Қазақ хандығының ханы деп жариялады.

Қаланың маңыздылығын одан шыққан тарихи тұлғалар да айқындайды. Сонымен, бұл қалада XI ғасырда (1093-1166) ақын әрі философ Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрді және қызмет атқарды. Түркістанның басты көрнекті жері - оның кесенесі, оған жыл сайын тәу етушілер мен туристер барады.

XVIII ғасырда кесене қазақтың жоғары хан өкілдерінің жерленген жері болып қала берді. Мұнда Тәуке хан (1680-1715), Жолбарыс (1720-1740), Әбілмәмбет (1739-1771), Абылай хан (1711-1781) жерленген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанында Есім ханға арналып (1598-1614 жж.) жеке кесене де салынды.

© pixabay

Орта Азиядағы ежелгі қала

Отырар Қазақстанның және Орталық Азияның ең көне қалаларының бірі болып саналады. Бұл туралы алғашқы жазба IX ғасырға жатады. Бұл жерде ұлы ғалым әл-Фараби туған деп есептеледі.

Отырар қаласы Түркістанның маңында орналасқан және Қазақ хандығының тарихындағы маңызды мекен болып саналады. Мұнда медреселер, әртүрлі қолөнершілер шеберханалары, мешіттер, базарлар және Қарахан әулетінің теңге сарайы болды. Тарихи деректерге сүйенсек, кітап қоры бойынша Отырар кітапханасынан тек Александрия кітапханасы ғана алда болған. Алайда осы күнге дейін Отырарда кітапхананың бар екендігі туралы ешқандай дәлел табылған жоқ. Ол әр түрлі аңыздарда айтылған, олардың бірі кітапхананың жер астында жасырылғанын айтады.

Көптеген тарихшылар кітапхананың өрт кезінде жойылғанына сенеді. Кейбіреулер моңғолдардың Отырарға шабуыл жасамай тұрып кітапханашылар кітап қорын ауыстырып, оны жер астына жасырғанын айтады.

Отырар. Фото: Әлібек Бегалинов

Құпия нысан

Қызылорда облысындағы әлемдегі бірінші және ең үлкен "Байқоңыр" ғарыш айлағы 1957 жылы тұрғызылды. Маңызды нысанның құпия болғаны соншалық, онымен байланысты қызықты жайттар да баршылық: КГБ Кеңес Одағының зымырандық құпиясын іздеген шетелдік тыңшыларды адастыру үшін ғарыш айлағының орнын жасырудың екі схемасы жасалды. Сонымен қатар, дәл осы себеппен, 1950 жылы Қарағанды облысы, Байқоңыр ауылында тағы бір, ағаш космодром салынды.

Фото © tengritravel.kz

Адамның ғарышқа алғашқы ұшуы осы Байқоңырдан 1961 жылы 12 сәуірде "Восток" ғарыш кемесінде жүзеге асты.

"Буран" ғарыш кемесі де Байқоңырдан ұшып шықты және ұшқышсыз Жерді екі рет айналып шықты. Борттық компьютердің басқаруындағы және автоматты режимде қонатын бұл рейс Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ғарыш әуесқойлары үшін ғарыш айлағында үш күндік экскурсиялық турлар өткізіледі. Галактиканы бағындыруды армандаушылар зымыранның ұшырылғанын өз көзімен көруге мүмкіндік алады.

Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық.

Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.