Түркістанда Орталық Азиядағы ең ірі "Керуен-Сарай" кешенінің эскиздері мен видео-жобасы көрсетілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кешеннің ауданы шамамен 120 мың шаршы метр болады.
Бұл кешен "Әзірет Сұлтан" мәдени қорығының буферлік аймағында Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қарама-қарсы жерде салынады. 39 миллиард теңгенің нысанын Бозжыра қонақүйін салуды жоспарлаған түркиялық Sembol сonstruction компаниясы салады. Нысан биыл пайдалануға берілуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты бітіру мерзімі 2021 жылға ауыстырылды.
Редакцияға түркістандық визит-орталық Болашақтың "Керуен-Сарайдың" эксклюзив видеосы мен эскиздерін ұсынды.
Жоба туралы Tengrinews.kz тілшісіне Түркістан визит-орталығы директорының орынбасары Мақсат Есенов айтып берді.
"Бұл үлкен шығыс базар болады. "Керуен-сарайдың" аумағында қонақүйлер, кинотеатрлар, мейрамханалар болады, Венециядағыдай қайықтар жүзеді. Түрік инвесторлары мұнда әуе театрын салғысы келеді. Жоба 2021 жылдың жазына дейін аяқталады. "Шығыс базары" кешені Мысыр, Үндістан, Иран, Еуропа, Түркістан және Қытай базарларынан тұрады. Биіктігі 6 метр және заттарды сақтауға арналған жертөлесі бар бір қабатты үйлер. Базарлардың төбесінде жаяу жүргіншілерге арналған жолдары бар саябақтар жоспарланған", - деді ол.
Оның айтуынша, бұл аумақта қолөнершілер, бұйымдар мен кәдесыйлар шығаратын және сататын шеберханалар орналасатын бір шақырымға созылатын тарихи-сауда көше болады.
Еске салайық, биыл қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев пен Асқар Мамин құрылыс барысымен танысқан болатын.
"Біз Түркістанның жаңа нысандарымен таныстық. Олар қаланың жаңа көрнекті жеріне, бүкіл Қазақстаннан және дүние жүзінен келген азаматтар мен туристерді қызықтыратын орынға айналады. Түркістанның ауқымды құрылысы бүкіл аймақтың экономикалық дамуына түрткі болады", - деген еді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!