Люксембург әуекомпаниясы Cargolux Қазақстанға ұшуды қайта бастағысы келеді. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың Люксембургтің Ресейдегі (Беларусь және Қазақстандағы қоса атқарушы) елшісі Джордж Фабермен кездесуі кезінде белгілі болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Джордж Фабердің айтуынша, люксембургтік Сargolux әуекомпаниясы Қазақстан әуежайларына, оның ішінде техникалық қонуға тұрақты жүк рейстерін қайта бастауға қызығушылық білдіреді. Осылайша, Сargolux әуекомпаниясы бастапқы кезеңде Еуропа мен Қытай, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы ұшуларды орындау кезінде жүргізілетін көрші елдерден аптасына 30-40 техникалық қонуды Қазақстан әуежайларына көшіруді жоспарлап отыр.
"Тараптар Қазақстан мен Люксембург авиациялық билігі құрған екі ел арасындағы тұрақты жолаушылар/жүк рейстерін орындау үшін құқықтық базаны қанағаттанушылықпен атап өтті. Қазақстандық тарап Сargolux әуекомпаниясының Қазақстанға ұшуын қайта бастауға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді", - делінген хабарламада.
Cargolux Airlines International S. A. (Cargolux) 1970 жылы құрылды. Boeing 747 типті 30 әуе кемесін басқаратын ең ірі еуропалық жүк тасымалдаушы. Әуе компаниясының штаб-пәтері мен хабы Люксембургте орналасқан. Әлемнің 90 қаласына ұшады. Әуекомпанияның әлемнің 50-ден астам елінде 85-тен астам кеңсесі бар.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!