Қыс мезгілінде Өскемен қаласы несімен тартымды?

Шығыс Қазақстан өңірін Қазақстанның інжу-маржаны деп атайды. Шынында да, бұл өңірдің табиғаты өте әдемі: таулары, ормандары мен көлдері. Kaz.tengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен Шығыс Қазақстан облысында, Өскемен қаласы мен оның маңында қыста баруға болатын жерлерге қысқаша шолу жасап шықты.

"Егер сіз Өскеменге қыста келсеңіз, тіптен жақсы, онда ең дұрысы - қалада болу. Түстен кейін жақын маңдағы тау шаңғысы курорттарында шаңғы тебуге болады. Қала маңында Риддер, Таулы Үлбі бағытында, сізге уақытыңызды пайдалы өткізуге өте жақсы демалыс орталықтары бар. Тауларда, қысқы өзеннің жағасында, тайгада қарда жүретін көлікпен серуендеуге болады, қысқы балық аулау бар, қаланың қарбаласынан бір демалып қаласыз. 2-3 күнде сіз осындай инфорелакске ие боласыз, содан кейін сіз толық тазарып, барынша демаласыз. Ақпарат жоқ, газет-журнал жоқ. Бұл қысқы турлардың керемет тұсы", - дейді жергілікті гид, Premier Tour агенттігінің басшысы Валерия Топольняк.

Өскемен қаласында нені тамашалауға болады?

Өскемен - Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі. Ол қала мәртебесін 1868 жылы алды. Екі өзен - Ертіс пен Үлбінің түйіскен жерінде орналасқан. Қала тұрғындары 300 мыңға жуық. Қалада үш ірі кәсіпорын бар: Қазцинк, Үлбі металлургия зауыты және титан-магний комбинаты. Қала айтарлықтай үлкен емес. Бір қарағанда, ол көне болып көрінуі мүмкін, бірақ өте таза, әдемі. Қаланың тарихы бай және қонақтарды таң қалдырарлық жерлері де аз емес.

Ертіс жағалауы

Өскеменнің ең әдемі жері - Ертіс жағалауы. Мұнда сіз алаңсыз серуендеп, күндіз - өзеннің сұлулығын, ал кешке - күннің қызарып батқанын тамашалай аласыз. Айта кетсек, Ертіс қыста қатты ағынының әсерінен қатпайды. Ең тартымды жер - Үлбі өзенінің Ертіске құятын жері. Әдетте онда келушілер тілектерін айтып, суға тиын лақтырып та жатады екен.

Фото: Айнаш Өндіріс

Өскемен бекінісі

Өскемен бекінісі 1720 жылы І Петрдің бұйрығымен салынды. Қаланың тарихы сол кезеңнен бастау алады. Бекініс бүгінгі күнге дейін сақталмаған, бірақ оның орнында қорған қалды. Қазір мұнда Андреев соборы, Қасиетті Троица шіркеуі және ерлер ғибадатханасы орналасқан.

Фото: Айнаш Өндіріс

Өскемендегі трамвайлар

Алматыда ескі трамвайларды аңсаушылар үшін осында келуге болады. Ескі вагондар енді Өскемен қаласында жүреді. Олар көк және ақ түстермен боялып, Өскемендегі №3 бағыты бойынша жүруге рұқсат етілген. Сіз оларға отырып үлгересіз.

Сурет ustinka.kz сайтынан

Арбат

Жергілікті Арбат жақында жақсы жөндеуден өткен. Құрылысшылар, шамасы, Алматыдағы Панфилов көшесінен шабыт алған көрінеді. Мұнда киім дүкендері және жайлы кофеханалар орналасқан. Өскемендегі Арбаттың ұзындығы 300 метрді ғана құрайды.

Фото: Айнаш Өндіріс

Вучетичтің "Перекуем мечи на орала" мүсіні

Өскеменде әйгілі кеңес монументалисті Евгений Вучетичтің "Перекуем мечи на орала" мүсінінің көшірмесі бар.

"Кезінде Кеңес Одағы БҰҰ-на дәл осы мүсінді сыйға тартқан, ол қазір ұйымның Нью-Йорктегі кеңсесінің алдында тұр. Мәскеуде осындай мүсін Третьяков галереясына қарама-қарсы орналасқан. Ал үшінші ресми көшірмесі Өскеменде, "Ертіс-концерт" ғимаратының жанында тұр", - дейді гид Валерия Топольняк.

Сурет yk-news.kz сайтынан

Мұнда Вучетичтің тағы бір туындысы - "К звездам" мүсінін көруге болады. Бұл сурет ғарышқа алғашқы кеңестік жер серігін ұшыруға арналған пошта маркасына қолданылды. Вучетич бұл мүсінді Өскеменге арнайы жасаған.

Сурет yk-news.kz сайтынан

Қазақ тағамдары мейрамханасы Qurt & Wine және Салтанат аралы

"Біз жергілікті туризмді дамытып жатқандықтан, біз үшін тағамдық дәстүрге бай Шымкент, Алматы және елордадан келгендер ерекше мейрамхана түріне қанық болып, таңдануы қажет. Шығыс өңірінде немен таң қалдыруға болады? Біз тағам дайындауда осында өсірілген және өндірілетін барлық нәрсені қосамыз, мысалы, күнбағыс, бал, тау шөптері, балық, марал еті. Сіздер, міне, қуырдақ жедіңіздер... Біз қуырдақты маралдың етінен, талқаннан жасалған қазанда, шұбат пен алтай балымен қарағай жаңғағын сеуіп дайындаймыз. Біз тіпті бешбармақтың ерекше рецептімен таңқалдырамыз. Біз қазы, жаяны суға қайнатпаймыз, оны 6 сағат бойы қазанда, Алтай тауы шөптерімен бұқтырып, пісіреміз. Ол Риддер және Катон тауларының таулы шөптерінің хош иісіне қанып, әбден піседі. Содан кейін біз оны картоп, жабайы сарымсақ және жабайы пиязбен бірге бұқтырамыз. Осындай ерекше тәсілмен дайындаймыз".

Фото Instagram/qurt_n_wine

Өскемен мейрамханалар желісінің иесі Мұхтар Тойбазаров жергілікті тағам дәстүрі туралы сағаттап айтуға бар. Оны Өскеменнің басты рестораторы деп айтуға болады. Жұмсақ құрттың астында ысталған алмұрт тәттісі, алтай балы мен шұбатта пісірілген жылқы еті және шоколад қосылған керемет балқаймақ - мұның бәрін сіз тек Өскеменнен көре аласыз.

Тау шаңғысы курорттары

"Нұртау" тау шаңғысы курорты. Ол Өскеменнен 35 шақырым жерде, Бобровка ауылының маңында орналасқан. Аумағында ыңғайлы коттедждер, мейрамханалар, кафелер, монша және ірі компанияларға арналған қысқы күркелер бар. Сондай-ақ, атпен серуендеп және сноубордпен сырғанауға болады.

Орташа табысы барларға жайлы коттедждерде тұру қымбатқа түсуі мүмкін. Сондықтан, сіз қалада қалып, жай ғана шаңғы тебуге осында келуіңізге болады. Орташа алғанда, жабдық пен шаңғы жолдамасын бір реттік жалдау 18 мың теңгені құрайды.

Фото: Айнаш Өндіріс

"Тау беткейлерінде бір уақытта 1000 адамға дейін сырғанай алады. Негізгі трассаның ұзындығы (көгілдір) - 1800 метр. Сондай-ақ, қосымша трек (қара) жотаның бойымен - 2 шақырым. Үшінші баурай үйренуге қолайлы, жұмсақ. Сондай-ақ сноубордшыларға арналған жеке трек те бар. Биіктік айырмасы 300 метр, таудың биіктігі - 604 метр", - дейді "Бипек-Авто" компаниялар тобы әлеуметтік коммуникация департаментінің директоры Роза Байғазанова.

Коттедждерді жалға алу: 160 мың теңгеден (4 + 2 адамға)
Жабдықты жалға алу: 10 мың теңге
Көтерілу билеті (бір реттік): 8 мың теңге

"Алтай Альпісі"

Бюджетті демалыстың бірі - Алтай Альпі тау-шаңғысы курорты. Ол Өскеменнен 30 минуттық жерде, Таулы Үлбі ауылының жанында орналасқан. Өз атауын Кіші Үлбі тау өзенінің арқасында алды. Бұл таулы аймақта қарағай, шырша, қайың және көктерек ағаштары өседі.

Фото: Айнаш Өндіріс

"Бір адамға тәулігіне орта есеппен 20 мың теңге, оған шаңғымен сырғанау және тамақтану кіреді.
Биылғы сатылым алты айдың ішінде екі есеге өсті. Біз әдетте қарашаның ортасында ашамыз. Шаңғы маусымы сәуірдің басына дейін созылады. Негізінен, Өскемен тұрғындары осында демалады, шаңғышылар Павлодар, Семей, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалаларынан келеді. Біз қызмет көрсетуді жақсартудамыз, әрине, біраз кемшіліктер бар, біз олармен жұмыс жасаймыз. Наурыз-сәуір айларындағы карантин тәртібі қиынға соқтырды. Бірақ қаржылық тұрғыдан біз ештеңе жоғалтқан жоқпыз", - дейді "Алтай Альпісі" базасының иесі Александр Чиликин. Аумақта альпі үйлері, монша, СПА, панотерапия, барбекю бар жайлы жерлер орналасқан.

Альпі үйлерін жалға алу: тәулігіне 8 мыңнан
Жабдықты жалға алу: сағатына 3000 теңге

"Рахманов бұлағы"

"Рахманов бұлағы" шипажайы Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының аумағында, қасиетті Белуханың етегінде, Өскеменнен 450 шақырым жерде орналасқан. "Рахманов бұлағының" емдік қасиеттері XX ғасырдың басынан бері белгілі.

"Рахманов бұлағына" апаратын жол оңай емес, оған арнайы көлікпен немесе тікұшақпен жету үшін бірнеше сағат кетеді. Әдетте, трансфер тур бағасына қосылады. Шипажай жыл бойы жұмыс істейді.

Сурет rahmany.kz сайтынан

"Рахманов бұлағы"- бұл көл айналасында жер астынан аққан радон бұлақтары. Біздің медициналық ғимараттар мен моншалар тікелей бұлақтардың бойында орналасқан. Бұл - олардың ерекшелігі. Рахманов бұлақтары - бұл ең алдымен сауықтыру, санаторий. Суы шипалы. Сонымен қатар, таулы аймақтың атмосферасымен құнды", - дейді Роза Байғазанова.

Рахманов бұлақтарына қазақстандықтардан басқа орыстар мен еуропалықтар жиі келеді. Рас, карантинге байланысты олардың саны биыл айтарлықтай азайған.

Жолдама: негізгі пакет + 6 күн/5 түн, (тұру + тамақтану + емдеу) - 94 мың теңгеден.

Бұл Шығыс Қазақстан облысындағы барлық көрікті жерлер мен демалыс орталықтарының толық тізімі емес, әрине. Шығыс Қазақстан, Өскемен, Семей және Риддер туралы толық ақпаратты Шығыс Қазақстан облысының туристік ақпараттық орталығынан алуға болады. Онда Шығыс Қазақстанға арналған анықтамалықтар мен карталарды жүктей аласыз.

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.