Жаз – саяхат маусымы. Көптеген адам ел ішінде сапарға шығуды алдын ала жоспарлап, билеттерді сатып алады. Біз бірнеше рет "Күту тізімі" қызметі туралы айтқан болатынбыз. Егер қажетті пойыз билетін сатып ала алмасаңыз, қызметті пайдалана аласыз, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Жақында оқырманымыз жүйедегі ақауға шағымданып, оған "Жолаушылар тасымалының" баспасөз қызметі жауап берді.
Редакцияның WhatsApp-нөміріне хабарлама келді:
"Кассада "Күту тізімі" жұмыс істемейді дейді. Касса қызметкері қызмет бір айдан бері жұмыс істемейді деп жауап береді. Kaspi Travel қосымшасында билет алып үлгеру мүмкін емес", - дейді тұрғын.
Тілші жағдайға байланысты "Жолаушылар тасымалы" баспасөз қызметінен пікір сұрады. Компания бұл мәселе шешімін тауып қойғанын айтады.
"Билеттерді сату сайтындағы "Күту тізімі" қызметі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бұған дейін, өткен аптада сайтта қысқа мерзімді (5 күн ішінде) техникалық жұмыстар жүргізіліп, оның барысында сервистің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті жаңартулар мен жақсартулар жүргізілді. Қосымша ақпаратты 1433 тегін нөміріне хабарласу арқылы алуға болады", - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!