Күнгей Алатауында 3500 метр биіктегі Жасыбайдың тоғыз көлі жайлы не білесіз?

Жасыбай көлдері - Қазақстанның ең әсем, суы тұнық, табиғаты тамаша көлдердің бірі. Көлдер Күнгей Алатауының 3000-3500 метр биігінде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында, Алматыдан шамамен 300 шақырым жерде, Кеген ауданында орналасқан. Осы аймақта бір топ адаммен джип-сафари ұйымдастырған журналист Ернар Алмабек (осы жердің тумасы) таза ауадағы екі күндік демалыс туралы Kaz.tengritravel.kz тілшісіне әңгімелеп берді. 

Жасыбай көлдерінің оңтүстігіндегі шыңдарға көтерілгенде ар жағынан қырғыз ауылдары, Ыстықкөл мен Теріскей Алатауы көзге шалынады.

"Ғаламтор желісінде бұл көлді орыс тілді ақпараттарда "Долина сто озер" немесе "Озера ущелья Кенсу" деп атайды екен. Бірақ бағзы заманнан қазақтар қойған атауы Жасыбай екен, яғни Жасыбай көлдері дейді. Мұны сол жайлауда қой жайып жүрген малшылар да жоққа шығармады. "Сто озер" деп орыстар атайтын себебі, мұнда көл көп болғандықтан, солай аталыпты. Сол жердегі малшы Алмас атты азаматтың айтуынша, мұнда 9 үлкен көл бар екен. Көлдердің төменгі жағында Екіаша деген жайлау орналасқан", - дейді Ернар Алмабек. 

Жасыбай көлдерінің жоғарғы жағындағы мұздықтардан және осы маңнан ағатын бұлақтардан Үш Меркі атанып кеткен үш өзеннің бірі, яғни Кеңсу (кей деректерде Меркі) өзені бастау алады. Сол Кеңсу өзенінің батысында Орта Меркі, одан кейін Шет Меркі өзендері ағып жатыр. Үш өзен де Шарын өзеніне құяды.

Жасыбай көлдері тау биігінде орналасқан жаяу жету мүмкін емес. Жасыбай көлдеріне апарар жолдар үшке бөлінеді: алғаш 120 шақырымы - бетонды жайлы жолдар, одан кейінгі 45 шақырымы - орта деңгейлі асфальтті жол болса, үшінші бөлігі - 35 шақырымдық күрделі тау жолы.

"Міндетті түрде жол талғамайтын көлік пен мықты жүргізуші болуы қажет. Оған қоса, азық-түлік пен жылы киімді де сайлап алғаныңыз жөн. Жол-жөнекей Екіаша жайлауының әсем табиғатын тамашалай аласыз. Екіаша жайлауынан Жасыбай көлдеріне апарар жол бұралаң, тасты, тегіс емес болғандықтан, біраз жайсыздық тудыруы мүмкін. Жол талғамайтын көлікпен жоғары шыққан сайын көз алдыңызда табиғат жайнап сала береді, салқын самал еседі, таудың саф таза ауасынан тынысыңыз ашылады. Теріскей жағы қалың қарағайға оранып жатса, күнгей жаңы жазық дала, керемет үйлесім тауып жатыр. Жоғары өрлеген сайын көзге ілінер бірен-саран малшылар қарасы азайды. Өзеннен өткеннен соң, шөбі шүйгін, мол сулы жерлерінде де киіз үйлерін тіккен малшыларды көзіміз шалды", - дейді ол. 

Бұл аймақты жаздай мал бағуға пайдаланады екен. Көлдің маңына жеткенше жолда көптеген киіз үйді кезіктіресіз.

Көлге жақындаған сайын жолдары тастақты, ойлы-қырлы, биіктеген сайын жол талғамайтын көлікпен де қиын бола бастайды. Сондықтан ары қарай жаяу көтерілуге тура келеді екен.

Ернардың айтуынша, джип-сафариде америкалық турист те болған. 

"Төменнен көз жүгірткен адамға табиғаттың осынау бір кереметі ашылады. Осында жеткенше жол-жөнекей әр киіз үйден сусын ішіп, құрттың дәмін таттық. Ең қызығы, Филадельфиядан келген америкалық Тим есімді досымызды ертіп алған едік, бір киіз үйге құдайы қонақ болдық. Шетелдік досымыз Қазақстанның таңғажайып табиғаты мен салт-дәстүрімізге, қонақжайлығымызға тәнті болғаны анық. Алғаш рет киіз үйде қонақ болған шетелдік досымыздың алған әсері ерекше болды", - дейді шолушы. 

"Табиғат әлемі әрқашан да адам жанына тыныштық сыйлаған. Табиғат аясында дем алу, серуендеу мен ас ішудің өзі адам денсаулығына керемет әсер сыйлайтыны анық. Жасыбай көлдерінің жағасындағы демалыс әр саяхатшының есінде мәңгі қалары анық, әрі жыл сайын осы маңға келуді аңсап тұрары хақ. Екі күнге созылған тамаша сапар осындай керемет әсер сыйлады", - деп түйіндеді Ернар Алмабек.