16 қаңтарынан бастап Түркістан - Әбу-Даби - Түркістан бағытында әуе рейсі іске қосылады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бағасы төмен әрі қолжетімді билеттер өткен жылдың қараша айынан бастап wizzair.com сайты мен мобильді қосымшасында сатылымға шыққан болатын. БАӘ-нің 159 дирхамынан, қазақ валютасымен есептегенде 19 мың теңгеден басталады. Биыл 8 қаңтардағы жағдай бойынша алғашқы рейске 168 әуе билеті сатылған. Рейстерді сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері аптасына 3 рет орындау көзделеді.
Бұл туралы бүгін Түркістан халықаралық әуежайында өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Оған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, "YDA Group" АҚ-ның авиация саласындағы бас директоры және басқарма мүшесі Хамди Гювенч, Wizz Air Abu Dhabi ұлттық компаниясының коммерциялық аға менеджері Крислен Кери, Әбу-Даби қаласының туризм және мәдениет департаментінің өкілі Тимур Сусаров қатысып, БАҚ өкілдеріне жоспарды таныстырды. Сондай-ақ сауалдарға жауап берді.
"Бүгін біздің өңіріміз бен Біріккен Араб Әмірлігі арасындағы туристік бағыттағы мәселелерді талқылауға және екіжақты экономикалық және туристік қатынастарды дамыту жөнінде пікір алмасуға жақсы мүмкіндік туып отыр. Түркістанның халықаралық және өңірлік деңгейде туризмді дамытуға әлеуеті жоғары. Туристерді аймақтың тарихи, архитектуралық және археологиялық ескерткіштері қызықтырады. ... Ыстамбұл-Түркістан, Кувейт-Түркістан бағыттары бойынша тікелей рейстері жұмыс істеп тұр. Өңірдегі туристер саны жыл сайын артып келеді. Оның ішінде ішкі туристер саны - 235 мың болса, 11 айда келген туристер саны - 14 448 адамды құрады. Оның ішінде Түркістан облысына БАӘ-ден 11 турист келді", - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Жиын барысында әуе компаниясының өкілі Крислен Кери Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі әрі тарихи қала Түркістанды Орта Азиядағы танымал желілер қатарына қосу жоспары туралы баяндап, жаңа бағыттың таныстырылымын жүргізді. Әбу-Даби - Түркістан өнімі және оның мүмкіндіктері туралы ақпараттар ұсынылды. Тікелей әуе рейсі - Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан азаматтары үшін де, қонақтар үшін де туристік әлеуетті дамытуға мол үлес қоспақ.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!