Қазақстаннан Шри-Ланкаға рейстер саны артты

Қазақстаннан Шри-Ланкаға ұшатын рейстер саны аптасына үш ретке дейін артты, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі. 

Қазанның соңында Шри-Ланкаға "Эйр Астана" әуекомпаниясы тасымалдайтын тұрақты тікелей рейстер қазақстандықтарға қолжетімді болатыны хабарланды. Алайда, ол кезде аптасына тек екі рейс орындалды.

Қазір әуетасымалдаушының сайтында рейстер әр тараптан үш рет - сейсенбі, сәрсенбі және жұма күндері жүзеге асырылатыны жазылды. Әуекомпанияның баспасөз қызметіндегілер мұндай шешім сұраныстың артуына байланысты қарашада қабылданғанын мәлімдеді. Рейстер жаңа Airbus 321 Neo LR ұшақтарында 220 800 теңгеден басталатын бағамен орындалады. Жол жүру уақыты - 6 сағат 30 минут.

Economynext мәліметінше, желтоқсанның соңына дейін рейстер санын көбейту жоспарланған. Ланкалық турагенттіктің басқарушы директоры Налин Джаясундера 2022 жылдың сәуіріне дейін үш рейсте Қазақстаннан аптасына 160 турист әкелетінін жеткізді. Оның айтуынша, рейстер санын одан әрі арттыру да талқыланып жатыр.

Шри-Ланкаға баратын екі жастан асқан барлық жолаушы ұшуға дейін 72 сағат ішінде жасалған ПТР-тестінің нәтижесін ұсынуы керек. Сонымен қатар, туристер денсаулық туралы декларация нысанын басып шығарып, толтырып, виза алуға өтініш беруі керек. Вакцина алған жолаушылар ұшып келгеннен кейін ПТР-тестілеуден және карантиннің қосымша талаптарынан босатылады.

Туристік агенттіктердің бірінің директоры Максим Паниннің айтуынша, Шри-Ланкадағы туристік жолдаманың орташа бағасы алты күнге бір адамға 600 мың теңгеден басталады. Бағаға ұшу, тұру, тамақтану, топтық трансфер, туркод, OST сақтандыру және COVID-19 сақтандыру, виза және ПТР-тесті кіреді.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!