Қазақстанға заңсыз қаржы алып өтпек болған қырғыз азаматы құрықталды

Өзбекстан мен Қазақстан шекарасында Қазақстанға заңсыз қаржы алып өтпек болған қырғыз азаматы құрықталды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша МКД баспасөз қызметі хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қырғызстан азаматы Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің "Атамекен" кеден бекетінде қолға түскен. Ол 20 000 АҚШ долларын және 23 458 000 теңгені Қазақстанға заңсыз алып өтпек болған.

"2021 жылдың 19-қазаны сағат 14:30 шамасында Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті "Атамекен" кеден бекетінің және "КҚЖТ" шекара наряды қызметкерлерімен бірлесіп Қазақстанға кірмекші болған Volvo жүк көлігін тексеру барысында, декларацияланбаған ақшалай затты анықтаған", - делінген хабарда.

Оқиға ҚР Қылмыстық кодексінде арнайы қаралғандықтан, Қырғызстан азаматына қатысты тиісті тергеу амалдарын жүргізу мақсатында іс Түркістан облыстық Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!