Қазақстандықтарды Мысырдан шығару күндері аталды

Air Astana Шарм-эль-Шейхтен Қазақстанға 3 желтоқсаннан бастап жеті репатриациялық рейс орындауды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі әуекомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шарм-эль-Шейх - Алматы бағыты бойынша ұшулар 3, 5, 6, 8 желтоқсанда жүзеге асырылады. Ал Шарм-эль-Шейх - Нұр-Сұлтан бағыты бойынша рейс 3, 4, 7 желтоқсанда орындалады. Осы рейстерге адам көп келмеген жағдайда репатриациялық рейстер саны қысқартылуы мүмкін.

"Қазір Air Astana әуе компаниясы 8 желтоқсанға дейін Мысырдан Қазақстанға 1 300-ден аса қазақстандық жолаушыны шығаруды жоспарлап отыр. 3 желтоқсанда және одан кейін рейстерге брондаған жолаушылардың билет құнын толық өтетуге құқы бар", - делінген хабарламада.

Еске салайық, COVID-19 таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия 3 желтоқсаннан бастап жаңа шектеу шараларын, соның ішінде Мысырмен әуе қатынасын тоқтата тұру туралы шешім шығарды. Мұндай шараны қабылдауға коронавирустың жаңа "омикрон" штамы себеп болды.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!