Қазақстандықтар пандемияға дейінгі кезеңге қарағанда көбірек ұша бастады

2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық әуекомпаниялар тасымалдаған жолаушылар саны 2020 жылмен салыстырғанда 71 пайызға артып, 9,4 миллион жолаушыны құрады. 2020 жылы 5,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетілген, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2019 жылғы пандемияға дейінгі (2019 жылы – 8,6 миллион жолаушы) көрсеткіш мәнінің өсуі (10 пайыз) байқалады.

2021 жылы отандық әуекомпаниялар ішкі бағыттарда 7,6 миллион жолаушы (2020 – 4,6 миллион жолаушы, 2019 – 4,6 миллион жолаушы), халықаралық бағыттарда 1,8 миллион жолаушы (2020 – 0,8 миллион жолаушы, 2019 – 3,3 миллион жолаушы) тасымалдады.

"Әуеқатынасы қалпына келтірілген сәттен бастап ішкі тасымалдардың маршруттық желісі 12 бағытқа ұлғайды. Бүгінде ішкі рейстер аптасына 605 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша орындалады. Халықаралық рейстер 25 елмен (Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Ресей Федерациясы, Грузия, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Германия, Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Венгрия, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзербайжан, Катар, Кувейт, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы, Үндістан, Вьетнам) аптасына 260 рейс жиілігімен 79 бағыт бойынша қайта жаңартылды", - делінген хабарламада.

Air Astana әуекомпаниясының жолаушылар ағыны 59 пайызға өсті, шамамен 3,6 миллион жолаушы тасымалданды; FlyArystan компаниясында 109 пайыз өсті, бұл шамамен 3,1 миллион жолаушыны құрады; SCAT компаниясында 62 пайызға көбейіп, шамамен 2,1 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді. 

Әуежайларда 17,4 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 63 пайызға көп (2020 жылы – 10,7 миллион жолаушы, 2019 жылы – 17,7 миллион жолаушы).

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!