Қазақстандықтар Италияға жаппай виза алып жатыр - СІМ

Соңғы айларда қазақстандық студенттерден италиялық визаға өтінімдер күрт өсті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі.

СІМ брифингінде Смадияров италиялық визаның кешіктірілуіне шағымданған қазақстандық студенттердің өтініштеріне жауап берді.

"Италия консулдығының мәліметінше, визаны кешіктірудің негізгі себебі - соңғы айларда келіп түскен өтініштер санының артуы. Ай сайын консулдық бөлім 3000-ға жуық визаны өңдейді және береді. Италиялық дипломаттар бұл мәселені шешіп, виза рәсімдеумен айналысатын қызметкерлер санын екі есеге көбейтті деп сендірді", - деді Айбек Смадияров.

Ол халықаралық тәжірибеге сәйкес, виза беруден бас тартқан шет мемлекеттің консулдық мекемесінің өтініш берушіге және үшінші тұлғаларға бас тарту себебін хабарламау құқығы барын атап өтті.

"Қазіргі уақытта Қазақстанда аккредиттелген бірқатар шетелдік дипломатиялық өкілдіктерде визаларды ресімдеу және беру мәселелері олардың елінде COVID-19-ға байланысты енгізілген карантиндік шараларды ескере отырып қаралуда. Жалпы, көші-қон ережелерінің қатаңдатылуын ескере отырып, консулдық бөлім Италияның көші-қон қызметтерімен бірлесіп, студенттердің 22 құжаттан тұратын әрбір өтінімін мұқият тексеруге мәжбүр. Бұл өтініштерді өңдеу процесінде көрінеді. Осыған байланысты студенттерге виза алу үшін құжаттарды ертерек тапсыру қажет екеніне назар аударамыз", - деді Смадияров.

Сонымен қатар, ол бұл мәселе Қазақстан СІМ басшылығының бақылауында екеніне сендірді.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!