Қазақстандықтар Бішкекке пойызбен бара алады

Бішкекке пойыздар қазақстандықтар үшін қолжетімді болады. Қырғызстаннан Ресейге Қазақстан аумағы арқылы үш мемлекетаралық пойыз қатынайды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, пойыздар осы жылдың маусымынан бастап қатынайды:

  • № 17/18 Бішкек-Самара, Бішкектен 2022 жылғы 8 маусымнан бастап, Самарадан 2022 жылғы 10 маусымнан бастап аптасына екі рет қатынау жиілігімен;
  • № 305/306 Бішкек-Шу/Қазан, Бішкектен 2022 жылғы 6 маусымнан бастап, Қазаннан 2022 жылғы 9 маусымнан бастап аптасына бір рет қатынау жиілігімен. Пойыз № 113/114 Алматы-Қазан пойызының құрамымен Шу станциясы бойынша бірлестікпен;
  • № 385/386 Бішкек-Новосибирск пойызы, Бішкектен 2022 жылғы 9 маусымнан бастап, Новосибирскіден 11 маусымнан бастап сегіз күнде бір рет қатынау жиілігімен.

Қазақстан аумағында жоғарыда көрсетілген пойыздарға жолаушыларды түсіру/отырғызу жүзеге асырылады.

Билеттердің құны мемлекетаралық тариф бойынша белгіленген. Бағаларды www.bilet.railways.kz сайтында нақтылауға болады.

Қазақстандықтар мен шетел азаматтарының елге темір жол көлігімен кіруі үшін әлі де Қазақстанның мемлекеттік шекарасын кесіп өткен сәтте 72 сағаттан аспайтын мерзімге ПТР-тестен өткені туралы анықтаманың болуы міндетті. Балама - вакциналаудың немесе ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы паспорт (мерзімі - соңғы дозаны алғаннан кейін алты айдан аспайды). Егер оларда ПТР-тест нәтижелері болмаса немесе COVID-19 вакциналау паспорты болмаса, жолаушылар вагонға отырғызылмайды.

Ең маңызды жаңалықтар - біздің Facebook парақшамызда! Дəл қазір жазылып алыңыз!