Қазақстандық туристер Мальдив пен Шри-Ланкадан Нұр-Сұлтанға жеткізілді

Шетелде қалып қойған қазақстандық туристерді ұшақтар Нұр-Сұлтанға жеткізді. Бұл туралы "Туристік Қамқор" қорының баспасөз қызметі хабарлады. 

10 қаңтарда таңғы 5-те "Эйр Астана" әуекомпаниясының екі рейсі Мале және Шри-Ланкадан Нұр-Сұлтанға ұшып келді. Елордаға шамамен 350 жолаушы жеткізілді. Бастапқыда туристер Алматыға ұшып келуі керек болған, алайда алматылық әуежайдың жабылуына байланысты қазақстандықтарды Нұр-Сұлтанға жеткізу шешімі қабылданғаны айтылады. 

"Көптеген туристер өздерінің туыстары мен достарына тоқтады. Қалғанын қонақүйге орналастырды. Коменданттық сағат уақытында әуежайдан жөнелту үшін арнайы рұқсат арқылы адамдарды жеткізген. Жолаушылардың қонақүйде тұру ақысы "Туристік Қамқор" қорының туроператорлар жинағы есебінен төленеді", - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. 

"Туристік Қамқор" баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қаңтарда тағы екі рейс Гоа мен Мальдим Республикасынан Нұр-Сұлтанға орындалады. Алайда нақты уақыты әзірге белгісіз. Қор өкілдерінің айтуынша, халықаралық репатриациялық рейстер саны артқан және шетелдегі отандастарымыз елге қайтарылады.