Қазақстандық лоукостер Ыстамбұлға арзан бағамен рейстер ашты

Қазақстандық лоукостер FlyArystan Түркістан - Ыстамбұл бағытында рейстер ашылғанын жариялады, - деп хабарлайды kaz.tengritravel.kz порталы компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Біз жаңа Түркістан-Ыстамбұл бағытының ашылғанын қуана хабарлаймыз! Билет бағасы небәрі 39 999 теңгеден басталады. Рейстер Қазақстанның рухани астанасынан Түркияның жүрегі - Ыстамбұлға 21 наурыздан бастап аптасына екі рет - жұма және жексенбі күндері жайлы Airbus A320 әуелайнерлерімен орындалатын болады", - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, жаңа бағыт бойынша билеттер FlyArystan мобильді қосымшасында және FlyArystan.com сайтында қолжетімді.

Сонымен қатар, бір бағыттағы билеттер әуежай алымдарын, салмағы 5 келіден (56х23х36 см) аспайтын қолжүгінің 1 данасын және ұшақ бортында кездейсоқ орынды қамтиды.