Қазақстандық жолсеріктің пойыздағы әні Желі қолданушыларын тамсандырды

Сұлу да сымбатты жолсерік әлеуметтік желі қолданушыларын дауысымен таңғалдырды. Пікір қалдырушылар қыздың "мамандықтан шатасқанын" жазып жатыр. Tengritravel.kz тілшісі видеодағы кейіпкермен хабарласты.

Ән салған жолсеріктің видеосы бірнеше күнде TikTok желісінде 860 мың қаралым жинаған, Желі қолданушылары қызға "сахнаға шығуды" ұсынған.

"Жолсеріктің дауысы керемет", - делінген вирусты видеоның сипаттамасында.

@_arailym4 #поезд #астана ♬ оригинальный звук - Мадам ?

Видеодағы кейіпкердің есімі Ақылзат Сейтжапар, жасы 40-та. Әйелдің екі баласы бар - 19 жастағы қызы және 18 жаста ұлы бар. Екеуіде Астанада грантта оқиды.

Ақылзат Таразда дүниеге келген, алайда отбасымен Астанада тұрады және 13 жылдан бері жолсерік болып қызмет етеді.

Бала кезде екі арманым болды: ән айту және форма кию. Ән айтуды кәсіби тұрғыда үйренбедім, алайда бесінші сыныптан бастап белсенді түрде байқауларға қатысып, тіпті орындар алып жүрдім. Жас кезімде Superstar.kz байқауына қатысуды армандадым, алайда ата-анамның қаржылай қиындықтары болып, кастингке қатысу үшін жолға ақша таба алмадым. Бірақ бала кездегі басқа арманым орындалды, мен жолсерік болдым. Міне 13 жылдан аса уақыт форма киіп жүрмін", - дейді әйел.

Жолсеріктің айтуынша, вирусқа айналған видео Шымкент-Астана бағытында жүретін пойызда түсірілген.

"Тараздан жастар мінді, олар Астанаға байқауға бара жатты. Ойнады, ән айтты. Бос уақытымда мен оларға қосылдым. Біреу мені видеоға түсіріп, TikTok-қа шығарады деп ойламадым. Кешелі бері барлық туыстарым, достарым мен таныстарым осы видеоны маған жіберіп жатыр. Мұндай әсер болады деп күтпедім", - дейді Ақылзат.

Кенеттен пайда болған танымалдылықтан кейін ол вокалдық байқауға қатысуды ойлаған.

"Әзірге нақты бір жоспар жоқ. Бірақ, бала кездегі арманды орындауға уақыт жетті ме деп ойладым. Әзірге нақтысын білмеймін, бірақ вокалдық байқауға қатыссам күшті болар еді", - дейді ол.

Редакция "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметіне хабарласып, пікір білдіруін өтінді.

"Біздің мамандар тек өз ісінің шебері ғана емес, көптегенінің өз хоббиі бар, кейбірі спортпен шұғылданады, біреулері сурет салады, басқалары бос уақытында ән салады.

Қызметкеріміздің бірінің видеосы осындай танымал болғанына қуаныштымыз", - деді "Жолаушылар тасымалы" АҚ ресми өкілі Мәди Мұхамедқали.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!