Қазақстандық ер адам пойыздағы әрекеті үшін 20 күнге қамалды

Ер адам жолаушылар пойызында алкогольдік ішімдік ішкені үшін 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Оқиға Алматы-Павлодар бағытындағы жолаушылар пойызында орын алған. Құқық бұзған жолаушы Шығыс Қазақстан облысы Ақтоғай станциясына келгеннен кейін пойыз бастығының актісі бойынша түсіріліп, желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлеріне берілді.

Тексеру барысында көлік полицейлері Павлодар облысының 28 жастағы тұрғынын анықтады. Ол жол бойында алкогольдік ішімдіктерді ішіп, балағат сөздер айтып, жолсеріктердің ескертулеріне құлақ аспаған. Осылайша, қоғамдық тәртіпті бұзған.

"Тәртіп сақшылары құқықбұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 3-бөлігі (алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу), 434-бабы 1-бөлігі (ұсақ бұзақылық) бойынша екі хаттама толтырып, іс Павлодар облысы Баянауыл аудандық сотына жіберілді", - делінген хабарламада.

Ер адам бұған дейін қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін жауапқа тартылған екен. Бір жыл ішінде қайталап жасап отыр.

"Сот әкімшілік істің материалдарын қарап, оны 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түрінде әкімшілік жаза тағайындау туралы қаулы шығарды", - деді полицейлер.

Еске салайық, жыл басынан бері жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 269 құқықбұзушы акт бойынша түсірілді, оның ішінде алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін - 244, ұсақ бұзақылық үшін – 8 және тағы басқа.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!