Қазақстандық туроператорлар жақын уақытқа Түркияға турларды сатуды тоқтата тұру шешімін шығарды. Ал сатылған турлар басқа мерзімге ауыстырылады. Бұл туралы Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті Инна Рей әлеуметтік желіде тікелей эфирде мәлімдеді, - деп хабарлайды Кaz.tengritravel.kz порталы.
Қауымдастық президентінің айтуынша, турлар мамырдың ортасында немесе маусымға қарай қайта сатыла бастайды.
"ВАК Түркияға рейстер санын азайту туралы ұсыныс жасады. Қазір біз тұрақты рейстер бойынша түпкілікті шешім күтеміз. Күзгі және қысқы маусымды жақсы өткіздік. Бірақ пандемия әлі де тұрақсыз. Жақында Қазақстанға ұшып келгендердің арасында ПТР-тест нәтижесі оң болған жағдай көбейді. Соған байланысты ұшу бағдарламасын тоқтатуы мүмкін болғанда шошып кеттік ", - деді Инна Рей.
Ол мұндай шешімнің мәнін түсіндіріп, туроператорларға бағдарлама бұзылмайтынына сенімділік қажет екенін айтты. Осы маусымда туроператорлар қатты күтіп, оған сенді. Өйткені, былтыр сатылған көптеген тур пандемияға байланысты өтпеді және осы жылға ауыстырылды.
"Турларды қайта шегермеу үшін және рейстерге байланысты мәселе болмауы үшін осындай шешім шығарылды. Турлар кейінірек сатылады. Бәрі бұған түсіністікпен қарайды. Ал туристердің көпшілігі өз денсаулығына қауіп төндірмеу үшін эпидемиологиялық жағдайға байланысты ұшуды кейінге қалдыруды ұсынып жатыр", - деп түсіндірді Қазақстан туроператорлар қауымдастығының президенті.
TUI Kazakhstan туроператорының өкілі Салтанат Омарова туристер алдындағы барлық міндеттеме орындалатынын айтты.
"Жағдай жақсарғаннан кейін біз Түркияға рейстерді қайта бастауды талап етеміз. Себебі туристер алдындағы барлық міндеттемені орындауымыз керек. Өткен жаздан бері көптеген турист сапарын күтуде", - деді Салтанат Омарова.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіндегілер әуе рейстері туралы шешім әлі шықпағанын түсіндірді. Қазір осы мәселе бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысы күтілуде.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің Санэпидембақылау комитетінің басшысы Айжан Есмағамбетова Қазақстан Түркиядағы елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты әуе рейстерінің санын қысқартуды жоспарлап отырғанын, онда күн сайын 50 мыңнан астам жағдай тіркеледі, бұл біздікінен 5,5 есе көп екенін айтқан болатын.