Қазақстанда әуе жолаушыларының саны артты

Үш айда отандық әуекомпаниялары 2 миллион жолаушы тасымалдады. Тасымалдаған жолаушылар саны былтырмен салыстырғанда 5 пайыз артты. 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,9 миллион жолаушы болған, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетіне сілтеме жасап.

Биылғы қаңтар-наурызда отандық әуекомпаниялар ішкі желілерде 1,5 миллион жолаушы (2021 жылы 1,7 миллион жолаушы, 2020 жылы 1,1 миллион жолаушы), халықаралық желілерде 500 мың жолаушы (2021 жылы 400 мың жолаушы, 2020 жылы 400 мың жолаушы) тасымалдады.

"Жолаушылар ағыны Air Astana компаниясында 800 мыңға жуық жолаушыны; FlyArystan мен SCAT компанияларында 500 мыңға жуық жолаушыны құрады. Осы жылдың үш айында әуежайларда қызмет көрсетілген жолаушылар саны 3,7 миллион жолаушыны құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 2 пайыз артық (2021 жылы 3,6 миллион жолаушы, 2020 жылы 3,3 миллион жолаушы)", - делінген хабарламада.

Бүгінде ішкі әуе рейстерін 5 отандық әуекомпаниясы аптасына 613 рейс жиілігімен 57 бағыт бойынша орындайды. Халықаралық ұшулар 77 бағыт бойынша 24 елге орындалады, жиілігі - аптасына 319 рейс. Бұл - Түркия, БАӘ, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Германия, Мысыр, Оңтүстік Корея, Нидерланды, Польша, Армения, Ұлыбритания, Мальдив аралдары, Таиланд, Әзербайжан, Катар, Кувейт, Сауд Арабиясы, Моңғолия, Үндістан, Иран елдері.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!