Қазақстан мен Вьетнам арасында тұрақты рейстер қайта ашылады

Қазақстан мен Вьетнам арасында тұрақты рейстер қыркүйектің соңында қайта ашылады, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Вьетнам Социалистік Республикасының авиациялық билік орындарымен бірлесіп, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қайта қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Мәселен, вьетнамдық "Vietjet Air" ірі әуекомпаниясы алдағы қыркүйек айының соңынан бастап Airbus А-330 типті әуекемелерінде аптасына 2-3 рет жиілікпен Камрань - Нұр-Сұлтан және Камрань - Алматы бағыттары бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр.

Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әуеқатынасын қалпына келтіру елдер арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді.

"Vietjet Air" - Вьетнамның төмен бюджетті авиатасымалдаушысы. Авиакомпания рейстерді 2007 жылы бастады. 19-дан астам бағыт бойынша әлемнің 10 еліне (Сингапур, Малайзия, Мьянма, Индонезия, Камбоджа, Тайвань, Оңтүстік Корея, Қытай, Жапония және Үндістан) халықаралық рейстерді орындайды. Авиакомпания паркінде Airbus А320, A321, А321 neo, А330 үлгісіндегі 78 әуекемесі бар.