Қазақстан мен Қытай визасыз режим ұсынуды талқылады

Қытайдағы Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышев қазақстандықтардың Қытайға визасыз кіруі туралы сөз қозғады. Бұл туралы Қазақстанның Қытайдағы Елшісінің ҚХР Мәдениет және туризм министрі Ху Хэпинмен кездесуінде белгілі болды, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. 

Кездесу барысында тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту және туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Жақын арада қалпына келетін тұрақты әуеқатынастары және адами байланыстардың белсендірілуін ескеріп, екіжақты мәдени-гуманитарлық диалогты жандандырудың қажеттігіне назар аударды. Қазақстанның Елшісі ҚР және ҚХР-да мәдени орталықтарды өзара құру бұл бағыттағы екіжақты қатынастардың дамуына мықты серпін беретінін атап өтті.

Сонымен қатар, Ш.Нұрышев сұхбаттасушыны Қазақстанның туристік мүмкіндіктері және ҚР Үкіметінің Туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша шараларымен таныстырды. Сондай-ақ, Елші қазақстандық тараптың ҚХР азаматтары үшін 14 күндік мерзімге дейін визасыз режим енгізу жөніндегі жоспарын ескеріп, ҚР азаматтары үшін де ұқсас жағдай жасау мәселесін көтерді.

Өз кезегінде, Ху Хэпин Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдениет және туризм саласындағы ынтымақтастықтың зор келешегі бар екенін ерекше атап өтті. Ол жыл соңында жоспарланған Қазақстан-Қытай ынтымақтастық жөніндегі комитетінің Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің 15-ші отырысы екі ел арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Сонымен бірге, ҚХР Мәдениет және туризм министрі Қазақстан Үкіметінің елдің туристік әлеуетін ашу бойынша қабылдап жатқан шараларын жоғары бағалады, сондай-ақ қытайлық тараптың мәдениет орталықтарды өзара құруға дайын екенін білдірді.

Кездесудің соңында тараптар ШЫҰ, АӨСШК және "Орталық Азия - Қытай" мемлекет басшылары онлайн-саммитінің қорытындылары бойынша уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі іс-қимылдар жоспары шеңберінде мәдениет және туризм саласында бірлескен іс-шараларды өткізу мәселелерін қоса алғанда, ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен ҚХР Мәдениет және туризм министрлігі арасында тығыз байланыстарды сақтауға келісті.