Қазақстан "қара тізімге" енген жоқ - Еуроодақ өкілдігі

2023 жылы 1 наурыздан кейін Қазақстан азаматтары үшін шенген визасын рәсімдеу тәртібінде айтарлықтай өзгерістер болған жоқ, Еуропалық одақ Қазақстанды "қара тізімге" енгізген жоқ. Мұндай үндеуді Қазақстандағы ЕО өкілдігі жариялады , - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

"Жалпы ереже бойынша шенген визасын беру туралы шешімді ЕО-ға мүше мемлекеттің тиісті консулдығы 15 күн ішінде қабылдайды. Бұл ереже Қазақстанға бұрындағыдай қолданылатын болады.

Егер Сіздің өтінішіңізді немесе қосымша құжаттарды егжей-тегжейлі қарау қажет болса, бұл кезең ерекше жеке жағдайларда 45 күнге дейін ұзартылуы мүмкін. Бұл бұрындары да азаматтығына қарамастан барлық өтініш берушілерге қатысты болды және тек ерекше жағдайларда қолданылады", - делінген хабарламада.

Өкілдік мамандары Қазақстан үшін жеті күнге дейін созылуы мүмкін алдын ала консультациялар рәсімін жақында енгізу 15 күннің жалпы ережесіне сәйкес келетінін, сондықтан өтініш берушілер айтарлықтай кідірістерге тап болмайтынын айтты.

"Алдын ала консультация беру рәсімі визалық Кодекспен реттелетін стандартты рәсім және бірқатар елдерде қолданылады. Шенген ақпараттық жүйесінде шенген аймағына мүше мемлекеттер бір-бірімен кеңесу үшін жүйелі түрде қолданатын "қара тізімдер" жоқ.

Шенген визалық жүйесі аясында Қазақстан үшін алдын ала консультациялар рәсімін енгізудің ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара қызығушылық тудыратын көптеген түрлі салаларда серпінді дамуды жалғастыратын ортақ тамаша қарым-қатынастарға еш қатысы жоқ", - деп қорытындылады ЕО-ның Қазақстандағы өкілдігінің мамандары.

Виза алуға өтініш беру туралы жалпы ақпаратты веб-сайттан табуға болатыны айтылады.

Айта кетейік, Сыртқы істер министрлігі БАҚ-та пайда болған Қазақстанның Шенген аймағының қара тізіміне енуі туралы ақпаратқа түсініктеме берді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!