Қазақстан Еуропадағы көне елмен визасыз режим енгізбек

Қазақстан Сан-Марино елімен визасыз режим енгізбек. Үкімет қаулысының жобасы "Ашық НҚА" сайтында жарияланды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.

Келісім жобасы аясында қазақстандықтар Сан-Маринода бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде бола алады.

"Тараптардың бірінің азаматтары, осы баптың 2-тармағында көрсетілген жарамды жол жүру құжаттарының иелері екінші Тарап мемлекетінің аумағына Шенген келісімінің Уағдаласушы тараптары мемлекеттерінің бірінің аумағына бірнеше рет келу/кету бойынша Шенген келісімінен туындайтын міндеттемелерге нұқсан келтірместен бірінші кірген күннен бастап әрбір 180 күн ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде бір мәрте немесе бірнеше мәрте келуге, кетуге, транзит арқылы өтуге және уақытша болуға визалық талаптардан босатылады. Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 90 күндік көрсетілген мерзім Шенген аймағына алғаш кірген күннен басталады", - делінген Қаулыда.

Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасы мен Сан-Марино Республикасы арасындағы тығыз ынтымақтастықты дамыту және төлқұжаттардың барлық түрлерінің иелері үшін визасыз тәртіп орнату. Қаулы жобасына қол қоюдың ықтимал саяси, құқықтық, қаржы-экономикалық және өзге де салдарын бағалау жөніндегі құжатта жобаны қабылдау 2022-2024 жылдары республикалық бюджет кірістерінің 1249 теңге мөлшерінде қысқаруына әкеп соқтыратыны айтылған.

Құжат 22 тамызға дейін көпшілік талқылау үшін сайтта орналастырылған.

Сан-Марино-әлемдегі ең кішкентай мемлекеттердің бірі. Оңтүстік Еуропада орналасқан, барлық жағынан Италия аумағымен қоршалған. Қазіргі шекараларында Сан-Марино - Еуропадағы ең көне мемлекет.

Ел НАТО-ға да, ЕО-ға да кірмейді, бірақ соңғысымен ашық шекаралары бар, онымен бірге Кеден одағында орналасқан және Еуро эмиссиясы және монеталардың жеке нұсқаларын соғу құқығымен еуроаймаққа кіреді.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!