Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Мәскеудегі екінші Каспий экономикалық форумының пленарлық отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Kaz.tengrinews.kz тілшісі Primeminister.kz сілтеме жасап.
Қазақстан үкіметінің басшысы Каспий өңірінің бай тарихы, алуан түрлі мәдениеті және үлкен табиғи қорлары бар екенін атап өтті. Сонымен қатар, Каспий өзінің географиялық орналасуына және бірегей транзиттік әлеуетіне байланысты халықаралық сауданы дамытуда маңызды рөл атқарады.
Әлихан Смайылов өңір елдерін туризм саласындағы бірлескен қадамдарды жандандыруға: аралас турларды іске қосу, круиздік туризмді дамыту және визалық-көші-қон режимдерін ырықтандыру жөнінде шаралар қабылдауға шақырды.
"Сонымен қатар Қазақстан Үкіметі Каспий жағалауында туристерге қолайлы жағдай жасау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін 360 миллион доллардан астам сомаға 15 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр", - деді ол.
Премьер-министр өңірлік туризмді дамытудың негізгі қадамы Каспий теңізі жағалауындағы елдер арасында тиісті келісім әзірлеу екенін айтты.
"Оған тезірек қол қою үшін жұмысты күшейтуді ұсынамыз", - деді Әлихан Смайылов.
Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!