Қарағанды облысында ұлттық парк жері туризмді дамыту үшін жалға беріледі

Қарағанды облысында көркем жерлерде туризмді дамыту үшін Қарқаралы ұлттық паркінде жер телімі жалға беріледі, - деп хабарлайды "Хабар 24".

Телеарна журналистерінің айтуынша, жылсайын таулы оазиске 20 мыңнан аса адам келеді. Алайда олардың түнеуіне, тамақтануына мүмкіндіктер аз. Қарқаралының көркем тау бөктерінде заманауи материалдардан ғимараттар (глемпинг) салынған. Оның екеуі қонақүй, ал біреуі - кафе. Глемпинг жалдап, табиғат аясында шамамен 10 адамға дейін демала алады. Жас кәсіпкер осындай кемпингтерден кішігірім қалашық салу жоспарлап қойған. Айжан Оңғарбай қажетті 20 миллион теңгенің біршамасын грант ретінде - жеңілдікпен несиеге алған.

"Біз әлі ашылмадық, алайда қазірдің өзінде сұранысқа ие. Сол себепті барлығын даярлап, жаңажылдық мерекеде қонақтарымызды қарсы алуға тырысамыз. Болашақта осы жерде кинотеатр салуды көздеп отырмыз", - дейді Айжан Оңғарбай.

Жалпы Қарқаралыда 35 шипажай бар. Бір мезетте мұнда 3 мыңға дейін адам қоныстана алады. Негізінен келушілер қарағайлы орманда демалғанды ұнатады. Туризм - экономиканың әлеуетті саласының бірі. Биылдың өзінде жергілікті бюджетке туризмнен түскен табыс 260 миллион теңгеден асып жығылған. Сондықтан мұнда туристік инфрақұрылымды дамытуға тырысып жатыр.

"Қарқаралы аудандық әкімдігі Қарқаралы қаласы мен ұлттық парк шекарасында орналасқан аймақтан жер телімін бөліп жатыр. Мысалы, былтыр 8 жер телімі, биыл 7 жер телімі жалға берілді", - деді аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Динара Шәріп.

Жыл соңына дейін ұлттық парк аумағында 75 жер телімі жалға беріледі. Ерекше қорғалатын аймақтың бас жоспары әзірленген. Қазіргі уақытта ол эклологиялық сараптамадан өтіп жатыр.