Қазақстандағы туристер арасында тауға шығу кең таралған әрі бұл түсінікті де: әдемі пейзажды тамашалау, кедергілерді еңсеру сезімі, жүрегіңіз бен смартфоныңызға сақталған жан тыныштығы мен естелік фотосуреттер. Бірақ жер астына түсу де осындай сезім тудыратынын білесіз бе? Тек шыңдарды ғана емес, үңгірлерді де бағындыруға болады деп бекер айтылмаған. Бүгін Kaz.tengritravel.kz порталы мен Aviata.kz сервисімен бірге ең қызықты, ең бастысы, бара алатын үңгірлер туралы, спелеотуризм дегеніміз не және жер астында қалай жүру керектігі туралы баяндайды. Ал, дайын болыңыз, біз түсеміз.
Қазақстандағы үңгірлер
Елдің байтақ жері, күрт континенттік климаты, карстты аймақтардың кең таралуы - осының барлығы құрылымы мен алуан түрлілігі жағынан сирек кездесетін үңгірлердің пайда болуына ықпал етті. Оларды жақында ғана тауып, зерттей бастады. Өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін қазақстандық үңгірлер туралы мәлімет жоқтың қасы еді. Сонымен бірге спелеологиялық (бұл термин туралы төменде толығырақ айтатын боламыз) Қазақстан орасан зор. Білетіндер әлемге әйгілі Альпі мен Пиреней тауларында да мұндай ештеңе жоқ дейді. Сонымен, бұл материалда сіз Қазақстанның жеті үңгірі туралы біле аласыз, үңгірлерге тек толық дайындықпен, бастан-аяқ жабдықтаумен ғана түсе аласыз.
Ертегі үңгірі
Бұл сталактитті үңгірдің дәліздері бар болғаны 300 метрге дейін зерттелген. Ішінде үлкенді-кішілі сталактитті залдар, сонымен қатар шағын жерасты көлі бар. Бұл жабық көлденең лабиринт қуысы өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасында тау-кен жұмыстары кезінде ашылған. Ал үңгірдің өзін 60-жылдары туннельші геологтар қазған. Жетпісінші жылдардың ортасында үңгірге алғаш барған спелеологтар алматылық мамандар тобы болды. Содан кейін бұл үңгір аяқ баспаған және агломерациялық түзілімдерге толы болды. "Ертегі" атауы да осыдан шыққан. Бір қызығы, үңгірді толық зерттеу үшін ағындылардың біраз бөлігін жою қажет болды. Әрине, спелеологтар мұны істеген жоқ.
"Ертегі" үңгіріндегі сталактиттер.
Бірақ уақыт өте келе мұны вандалдар жасады. Бұл үңгірге бару оңай және ауылдан бір жарым шақырым жерде орналасқан, жанынан тас жолы өтеді. Өкінішке орай, "Ертегі" енді бұрынғыдай әсер қалдырмайды. Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ дегендей. Вандалдар сталактиттердің едәуір бөлігін жойып, бұрын зерттелмеген жерлерге жол ашты. Спелеолог Николай атап өткендей, қазіргі уақытта бір жерасты үңгірінде жасанды қуыстар мен табиғи үңгірде геологтар жол ашқанға дейін жоғарыға шығар жері болмады.
Осылайша, спелеологтар үңгір бұрынғыдан әлдеқайда кең болып шыққанын және оның көлденең лабиринт өткелдерінен басқа, тік еңіс және тік тұстары бар екенін анықтады. Дегенмен, туристерге ішке терең енбеуге кеңес беріледі, бұл қауіпті.
"Ертегі" үңгірі Жабағылы ауылынан 12 шақырым жерде, батыс бағытта, Ақ-Биік ауылының шетінде, Қаратау жотасының етегінде орналасқан.
Қоңыр Әулие үңгірі
Бұл табиғат ескерткіші үңгірдің ішінде суы шипалы деп саналатын көлінің болуымен ерекшеленеді. Мұнда шамдар мен ағаш баспалдақтар орнатылды. Үңгір жер қыртысының тектоникалық плиталарының қозғалысы нәтижесінде пайда болып, табиғаттың әсерінен өзінің сыртқы түріне ие болды. Қоңыр әулие үңгіріне адамдар ежелден киелі қасиеттерді таңған, сондықтан бұл жер киелі болып саналады. Ал жергілікті гидтер үңгірдегі судың минералды екеніне сендіреді. Оның температурасы сырттағы температураға қарамастан әрқашан +4 градусты көрсетеді. Бір емес, бірден үш көл болуы таңғалдырады. Олар бір-бірінен үлкен қоймалармен бөлінген. Ал Қоңыр әулиенің кіреберісі өте тар, бір адамнан ғана төмен түседі. Түсінікті болу үшін үңгір ішінде болған туристің бейне-видеосын көруді ұсынамыз.
Қоңыр әулие үңгірі жайлы бірнеше аңыз бар. Аңыз бойынша, ертеде жоңғар шапқыншылығынан бір ауыл барлық малымен осы үңгірге жасырынған екен. XVIII ғасырда Қабанбай батырдың бірнеше мыңдық жасағымен үңгірді паналағаны, содан кейін жоңғар әскеріне тылдан соққы жасағаны жайлы тағы бір аңыз бар. Қоңыр Әулие Мұхтар Әуезовтің "Абай жолы" романында суреттеліп, еліміздің 100 киелі нысанының тізіміне енгізілгені ресми мәлімделген.
Қоңыр әулие үңгірі Ақтас тауында орналасқан. Оған жету оңай емес, алдымен тегіс асфальт жолмен Жидебайдағы Абай жеріне жету керек, одан кейін Шыңғыс тауының қара жолдарымен ары қарай бірнеше сағат жүру қажет.
Бір қызығы, еліміздің оңтүстігіндегідей Баянауылда да осы аттас үңгірлер бар. Аңыз бойынша, үш әулие Нұхтың кемесіне кешігіп қалады. Олар топан судан үлкен бөрене арқылы құтылады. Осыдан соң әрқайсысы жер бетінде бірнеше киелі орындардың негізін қалады. Айтпақшы, Баянауыл үңгірі Қоңыр әулие туристер арасында одан кем сұранысқа ие емес және осы үңгірдегі суреттер мен видеоларға қарап, оның себебін түсінуге болады.
Ақмешіт үңгірі
Еліміздегі ең танымал үңгір Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан. Бұл қуыс үңгір әктас қабатында қалыптасқан. Оның ұзындығы 150 метрге, ені 65 метрге, биіктігі 25 метрге жетеді. Ішінде сіз өзіңізді үлкен киіз үйде тұрғандай сезінесіз, оның ішінде құстар ұялайтын нағыз бақша бар. Сондықтан да болар, бір кездері бұл жерде әулиелер әулеті тұрып, киіз үй тіккен деген аңыз бар. Адамдар бұл жерге аурудан айығу үшін жиі келеді, ал баласы жоқ жұптар балалы болуды армандап келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер тылсым күш мекені болып саналады.
Үңгірдің қашан пайда болғанын ешкім нақты білмейді. Миллиондаған жылдар ол жабық болды және жер бетімен байланысы болмады. Тек ХХ ғасырда дөңес бөлігі құлап, ішке кіруге мүмкіндік ашылды. Қазір үңгірге түсетін жер темір баспалдақпен жабдықталып, ішінде намаз оқуға қолайлы орындар, кілем, көрпе төселген тапшан қойылған.
Ақ мешіт үңгірі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында орналасқан. Оған Шымкенттен жетудің ең жеңіл жолы - тұрақты автобустар, бағыттың қашықтығы 80 шақырым. Ең жақын Глиновка ауылынан үңгірге дейін 10 шақырым. Ол жерден Ақ мешіт үңгіріне дейін біраз жаяу жүруге тура келеді.
Булы ойық үңгірі
Бұл Үстірт ғажайыбы, атап айтқанда Булы Ойық үңгірі жақында 1959 жылы ашылды. Бұл Үстірттегі ең үлкен карст үңгірі. Оның тереңдігі 120 метр. Түсіп келе жатқанда туристер үш галерея мен үш залды кездестіреді, ал ең төменгі жағында мөлдір сулы көл бар.
Үңгірдің кіреберісі ұзындығы 50 метрлік карст ойпатында орналасқан. Үңгірдің өзі ұзындығы 15-20 метр, ені сегізден 10 метрге дейін, биіктігі 15-30 метрлік үш залдан тұрады. Залдар көлбеу дәліздер арқылы біріктірілген. Осы үш залда төмен түсу 28, 75 және 120 метрге жетеді. Ең қызығы ең терең залда осы көл бар. Оның ұзындығы 20 метр, ал ені 10 метр, су температурасы +10-дан +13 градусқа дейін.
Табиғаттың бұл ғажайыбын көру үшін борпылдаған топырақ, лай, батпақты жолды еңсеруге тура келеді. Егер сапарға көлікпен шықсаңыз, екі немесе үш көліктен тұратын экспедициямен барған дұрыс. Өзіңізбен бірге 60 метр арқан, фонарь және басқа да жабдықтар болуы керек. Үңгір мемлекеттік шекарадан 20 шақырым жерде орналасқан, сондықтан өзіңізбен бірге жеке басын куәландыратын құжаттар болуы қажет. Үңгірдің өзі Үстірт қыратының оңтүстік-шығыс қазақ бөлігінде, Колыниязколка шатқалыңың оңтүстігінде, Өзбекстан Республикасымен шекараға жақын жерде, Қарынжарық ойпатынан оңтүстік-шығысқа қарай 52 шақырымда орналасқан.
Өтебай үңгірі
Өтебай шатқалында осы аттас қорымнан оңтүстікке қарай бір жарым шақырым және Булы Ойық үңгірінен тура 10 шақырым жерде бұдан кем түспейтін табиғи қуыс бар. Оны халық Өтебай деп атайды.
"Егер білмесеңіз түнде немесе көлікпен жүргенде, байқамай қалуыңыз мүмкін. Тек саңылаулар жатыр, қайдан басталғанын көре алмайсыз", - деп жазды саяхатшылардың бірі.
Ұзындығы 50, ені 30 және тереңдігі 20 метр болатын шұңқырдың пішіні тұйықталып келеді. Үңгір екі қуыстан тұрады. Үңгірде үлкен жер асты қуысы бар, ол тұйыққа түскен сайын тарылады. Дегенмен, артында жалғасы бар, тек оған кіруге болмайды, қиын, әрі қауіпті. Қандай жағдай болмасын, тәжірибесіз әрі қажетті жабдықтаусыз мұнда түсуге болмайды.
Айтпақшы, Өтебай үңгірін алғаш ашқандардың бірі Александр Петровтың айтуынша, үңгір "кеңейіп" келеді.
"Мен 2013 жылы барғаннан кейін 2015 жылы Өтебай үңгірінің кеңістік көлемі тағы 70-100 метрге ұлғайғанын байқадым", - деп жазады Александр.
Өтебай үңгірі Үстірт қорығының аумағында орналасқан Өнер шатқалынан 55 шақырым Үстірт қыратының оңтүстік бөлігінде орналасқан.
Октябрьский үңгірі, Богданович мұздығы
Октябрьский мұздық үңгіріне қарашадан наурызға дейін қыста ғана баруға болады. Жазда қуыстың ішіне еріген су ағады, ал өткелдің ішінде үнемі еріп жатқандықтан көшкіндер мен тас құлау қаупін тудырады. Спелеологтар атап өткендей, арнайы дайындықсыз қыста да өз бетімен көтерілу өте қауіпті. Бірақ тәжірибелі туристер мен спелеологтар үңгірге мерзім сайын барады, кейде альпинистер оны қыста түнейтін жер үшін де таңдайды.
Октябрьский үңгірі - жазда су басатын қыста құрғақ болатын көлденең көлбеу қуыс. Ал атауын 1963 жылы қазан айында Қазақ Республикалық Спелеотуризм секциясының мүшелері ашқан күннің құрметіне алды. Үңгір мұздықтың ішінде жатыр, сізге жерастындағы қалың мұздан өту қажет. Үңгірдің асты біркелкі және тегіс. Жазда мұздың ең көп еруі нәтижесінде Октябрьский үңгірі арқылы өтетін ойпаттың түбінде көл пайда болады. Еріген сулар үңгірге бүкіл ұзындығы бойынша әртүрлі жерлерден ағып кіреді. Спелеологтар осылайша үңгір Богданович мұздығының шеңберінен еріген судың негізгі жолы болып табылады деп болжайды.
Октябрьский үңгірі мұз сталактиттері деп аталатын мұздың агломерациялық құрылымдарына бай. Үңгір Алматыдан 25 шақырым жерде, Іле Алатауының Богданович мұздығында, теңіз деңгейінен 3300 метр биіктікте орналасқан.
Үңгірге бару үшін алдымен "Медеуге" жету керек. Көлігіңіз жақсы болса, тікелей Шымбұлақ шаңғы базасынан баруға болады. Шаңғы базасының үйлерінен шағын аспалы жолмен дизельге, одан кейін Талғар асуының астындағы үлкен аспалы жолға көтерілу керек. Содан кейін жаяу асуға шығып, Богданович мұздығының циркіне оңға бұрылып, мұздықтың ашық және жерасты бөліктерінің тұсына қарай жылжу керек.
Әрине, бұл Қазақстандағы үңгірлердің толық тізімі емес. Мысалы, біз ең қиын, ал кейбір деректер бойынша еліміздегі ең терең үңгір – Улучурскаяны атап өткен жоқпыз. Ең бастысы, жаңадан келген спелеотуристер ол жаққа ешқашан өздігінен бармауы керек. Тек спелеологтар тобының құрамында және арнайы техникамен юарған жөн болады. Бірақ үңгір орналасқан Ақмешіт шатқалының бойымен жүруге болады. Таяз және салыстырмалы түрде қауіпсіз үңгірлер де бар. Кем дегенде, әдемі суретке түсіре аласыз.
Сондай-ақ, Алматыдан Кегенге қарай 159 және 165 шақырым жерде орналасқан Бат үңгірі мен Гүлқая үңгірі арқылы серуендеңіз. Сондай-ақ, осы аттас өзеннің оң жағалауындағы Қаскелең үңгірін немесе Қастек шатқалындағы 300 метрлік Қастек галереясын көріңіз. Қазақстанның солтүстік-батысындағы үңгірлер туралы белгілі спелеолог Александр Шакалов бірнеше ғылыми мақалалар жазған. Ал біздің жерімізде әлі қанша зерттелмеген үңгірлер бар – оны есептеу қиын. Дегенмен, Қазақстанның үңгірлеріне барған кездеріңізді пікірде бөлісуді ұмытпаңыз.
Ал, енді олардың арқасында біз жер астына терең ену мүмкіндігіне ие болғандар туралы төменде баяндаймыз. Спелеологтар және үңгірлерге қалай түсу керектігі туралы кеңестер.
Спелеотуризм туралы
Адамдардың үңгірлерге не үшін барғысы келетінен бастасақ. Ол жерлер қараңғы, дымқыл, тіпті, өте қауіпті болуы мүмкін. Әрине, бұл тұжырымдардың барлығының өзіндік негізі бар. Сонда да кейбіреулер үңгірлер мен шахталарға спортпен шұғылдану ғшін келеді. Мұндай адамдарда қажетті жабдықтар мен құралдар сақадай-сай болады. Мысалы, кәсіби жарықтандыру -спелеологқа қажетті негізгі ресурс. Олардың кім екені жайлы төменде толығырақ баяндаймыз.
Сонымен қатар, үңгірге баратын адамдардың тағы бір тобы бар. Олар жұмбақ үңгірлерге аса бір қызығушылықпен, сол жерді танып-білу үшін барады. Бұл уақыт өткізу түрін бір сөзбен жалпылама спелеотуризм (латын тілінде "speleo" немесе грек тілінен "spelaion" - үңгір, француз тілінен"tourism" - серуен, сапар).деп атауға болады.
Жалпы үңгірлерді игеруді адамдар алғашқы қауым кезеңдерінен бастаған. Сол кезде ежелгі тайпалар табиғат апаттарынан үңгірлерді паналап, өздеріне баспана ретінде пайдаланған. Ежелгі адамдардың панасына айналған үңгірлерді зерттеу тарихқа үңілуге, мысалы, тастағы суреттерді табуға иол мүмкіндік береді. Тіпті қазба байлықтарын табуға болады.
Қызық дерек.
Бұл Бағдад құмы үңгірлеріндегі таусылмас қазына-байлық пен сиқырлы шам жайлы ертегі емес, Маңғыстау өңірінен табылған шынайы қазына. Сонымен, археолог Андрей Астафьев Қарағие ойпаты үңгірінен табылған жаңалық туралы айтты. Оның айтуынша, 1915 жылы бұл жерден алтын (алтын сырға, саптыаяқ, құты және алтынмен көмкерілген хрусталь) табылған. Кейін империялық археологиялық комиссия бұл қазыналарды қазынаны тапқан Маңғышлақ округінің басшысынан сатып алып, Эрмитажға сақтау үшін өткізген, бүгінге дейін сол жерде сақтаулы. Ал Қарагие ойпаты археологтар мен қазына іздеушілерді әлі күнге дейін қызықтырары анық.
Спелеотуризмнің спорттық түріне келетін болсақ, оның мақсаты - үңгірлерді аралап, олардағы әртүрлі кедергілерді арнайы құралдардың көмегімен жеңу. Соныммен қатар, бұл аквалангтар, карабиндер, арқандар, ілгектер, жеке қауіпсіздік жүйелері, арнайы формалар және т.б. Бір сөзбен айтқанда, спорттық туризмде байыпты көзқарас пен спорт туризмнінен тәжірибе қажет. Бірақ спорттық спелеотуристердің арқасында жаңа спелеотуристік бағыттар ашылды, өйткені бұл үңгірлерді зерттеумен спелеологиямен байланысты.
© Shutterstock
"Үңгірлерді іздеу мен оларды зерттеуге ресурстар мен адамдар қажет. Ал Қазақстанда олар өте аз. Бұрын спелеоклубтар Өскемен мен Алматыда болған, ал 2000 жылдары клубтар жабылды, жаңадан бастаушылар бізде де жоқ. Сонымен қатар көптеген жабдықталмаған үңгірлер бар, көлденең, тік, аралас, карсттарда, тұзда, жанартауда, мұздықтарда мұз.
Мысалы, спелеологтар арасында тік үңгірлер сұранысқа ие. Сондықтан оларды шахта деп атайды, бірақ оларды жасанды шахтамен шатастырмаңыз. Табиғи үңгірлер - бұл спелеология. Жасанды шахталар, мысалы, катакомбалар, карьерлер және адам қолынан шыққан басқа да туындылар - бұл спелеостология. Тәжірибесі аз адамдар үшін қиын жерлерге барар алдында жақсылап ойланып, бас тартуға кеңес берер едім. Арнайы дайындықта адреналин жоқ, бірақ біз айтқандай - қараңғы, суық, лас және дымқыл. Бір сөзбен айтқанда, спелеологқа ең керек нәрселер", - дейді спелеолог Николай Петров.
Видео Youtube/Petr Lyubimov
"Бірақ спелеотуризм - бұл баруға дайын тұрған үңгірлерге қатысты. Туристер арасында жаяу серуендеуді сұрайды. Олар әлеуметтік желілерде жеке хабарламалар жазады. Мен жер астына түскісі келетіндерге фонарь көп болғанын, дұрыс киінуді және қауіпті жерге шықпауды ұсынамын. Жерастына түсу ережелерін міндетті түрде сақтаңыз. Сонымен қатар, ақ спелеолог, екіжүзді әйел, ергежейлілер, тылсым дауыстар туралы нақты оқиғаларға негізделген аңыздар бар. Жаңадан бастаушыларға бұл кейіпкерлермен кездеспегені жөн", - дейді Николай мысқылдап.
Өкінішке орай, Қазақстанда спелеологтарды дайындайтын мектеп жоқ. Бірақ бұл тәжірибелі нұсқаушылар жоқ дегенді білдірмейді. Еліміздегі спелеологтардың бірі Александр Шакалов өзінің үңгір мектебінде туризмнің осы түрінің қағидаларын өте мұқият және түсінікті етіп береді. Оның мәтіндік лекцияларын мына жерден оқи аласыз.
Бірақ әлі де осы істі бастауға шешім қабылдағандар үшін бірнеше кеңестер береміз:
- жақсы жарық (негізгі маңдайша фонарь және әрқашан жеткілікті ресурсы бар қосалқы фонарь; базардан сатып алынған шамдар қажетті жарықты бермейді);
- аяқ киім (үңгірге байланысты: етік, жылы етік немесе кеудеге дейін жететін етік),
- қалауы бойынша - акваланг немесе резеңке қайық;
- дулыға мен қолғап (екі жұп), жылы киім (былғауға болатын);
- бор (жоғалып кетпес үшін лабиринттерге, орындарға белгі қою үшін);
- зарядталған гаджеттер: телефон, навигатор, камера.
Спелеологтың негізгі ережесі: жүрексінсеңіз – түспеңіз, қорқып, сенімді болмасаңыз – қайтып оралыңыз.
Суреттерді Александр Петров ұсынды.
Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық.
Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.