Жетісудың табиғи және қолдан жасалған көрнекі жерлері: 2-бөлім

Сіздерді Алматы облысы Жетісу өңірінің алуан түрлі туристік нысандарымен таныстыруды жалғастырамыз. Tengritravel.kz пен Zhetysu Travel сіздер үшін көллер мен шатқалдар, өзендер мен үстірттер, музейлер мен ескі қалалардың орны туралы ақпараттарды жинақтап ұсынады. Өйткені Жетісудың қызықты да көрікті орындары кез келген адамның талғамынан шығары анық.

Алакөл көлі

Алакөл көлі - Қазақстандағы көрікті мекендердің бірі. Ұзындығы 102 шақырымға созылып жатқан бұл керемет көл көлемі жағынан елімізде екінші орын алады.

Жалпы, Алакөл - бірегей су жүйесін құрайтын бірнеше көлдер тобының жалпы атауы. Оған үлкен Алакөл көлі және одан кішірек Сасықкөл, Қошқаркөл, Жалаңашкөл, т.б көлдер,  сондай-ақ кішкентай көлшіктер кіреді. Судың түсі өзгеріп тұруына байланысты Алакөл атанған. Ауа райының, тәуліктің өзгеруіне және орналасқан жеріне байланысты көл суы көкпеңбек, жасыл, кейде тіпті күлгін түске боялады.  


Алакөл. Фото © Shutterstock

Су қоймасы ежелден емдік қасиетімен және жүйкені тыныштандыратын ерекше әсерімен танымал. Күмістей таза су талай дертке шипа болады. Көптеген туристер мұнда вулканнан жаралған шунгит пен кремнийдің бірегей ұсақ жұмыр тастарының үстіне жатуды мақсат етіп келеді. Көлдің суы тұзды, құрамы жағынан теңіз суына ұқсас және көптеген ауруларға ем болады.

Таңбалы тас

Қазақстандағы туристік нысандардың арасында табиғи сұлулығы мен ұлы даланың ежелгі тарихы шебер үйлесім тапқан ерекше орындар көптеп саналады. Алматыдан 180 шақырым жердегі Таңбалы (немесе Тамғалы - бұл жердің халықаралық атауы) шатқалында орналасқан тарихи-археологиялық кешен 2004 жылдан бері ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі нысан болып табылады.


© Shuttesrtock

Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, Таңбалының ең ежелгі петроглифтері біздің эрамызға дейінгі XIV ғасырдан бастап қола дәуірінде жасалған, ал соңғы, жаңа таңбалары шамамен біздің эрамыздың VI-VIII ғасырларына, Ұлы далаға түркі халықтары қоныстана бастаған кезеңге жатады.


© Shutterstock


© Shutterstock

Таңбалыда ежелгі құлшылық ету орындарын, ғибадатханаларды, обаларды және 5 мыңға жуық жартастағы таңбаларды кездестіруге болады. Мұның бәрі бірегей сакралды аумақты құрайды. Ежелде бұл жерде діни рәсімдер өткізілген, адамдар 2 мың жылдан астам уақыт бойы құдайлар мен әруақтарға табынып келген.

М.Тынышпаев атындағы тарихи-өлкетану музейі

М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі 1974 жылдың 1 наурызында Талдықорғанда ашылды. Оған қазақтың танымал қоғам қайраткері, Түркістан автономиясының премьер-министрі және депутаты, қазақтан шыққан тұңғыш инженер, тарихшы, заңсыз саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, дүниеден өткен соң ақталған Мұхамеджан Тынышпаевтың есімі берілді.


Сурет museum.zhetisu.gov.kz сайтынан

Тынышпаев музейі - Алматы облысындағы орталық мәдени нысандардың бірі. Оның қорында негізгі және ғылыми-көмекші қорларын құрайтын 27 мыңнан астам тарихи құндылықтар жинақталған. Олардың арасында тас дәуірдің таңбаларынан қазіргі заманғы заттарға дейін бар. Көрменің бір бөлігі өлкенің табиғат және жануарлар әлеміне арналған. Жәдігерлердің арсында Жетісудың археологиялық ескерткіштері, музыкалық аспаптар, күнделікті тұрмыста қолданылатын бұйымдар, қолжазбалар бар. Музейдің мақсаты - археологиялық заттарды жинақтау, зерттеу, сақтау және таныстыру.


Сурет museum.zhetisu.gov.kz сайтынан


Сурет museum.zhetisu.gov.kz сайтынан

Музейдің алты экспозициясында жергілікті өсімдіктер мен жануарлар әлемі, ландшафты аймақтар, өзендердің диорамалары, тас, қола, темір және ортағасырлық дәуірлердің заттары, жайлаудың диорамалық бейнесі, Мұхамеджан Тынышпаевтың өмірі мен қызметі, Қазақстан тәуелсіздігінің бастауы болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары туралы мәліметтер беріліп, қорықтар мен аң аулау шаруашылықтарының карталары көрсетілген.

Қойлық қалашығы

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстанның картасында сол кезеңдегі қалалық мәдениеттің қандай болғанын еске салатын белгілер көп. Қойлық қалашығы (Қайлық, Қаялық немесе Антоновка) - біздің тарихымыздың картасындағы аса маңызды белгі. Бізге тек қирандылары ғана жеткен ежелгі қалалардың тұрмыс-тіршілігімен танысқыңыз келсе, міндетті түрде қалашыққа барып қайтыңыз.


Фото Kazakh Tourism   

Қойлық Алматы облысының Сарқанд ауданындағы осы аттас ауылға жақын маңайда орналасқан. Қалашық 2014 жылы Ұлы Жібек жолының бойында жатқан сегіз нысанмен қатар ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.


Фото zhetysu.travel    

Қоғам мен мәдениетке деген қазіргі көзқарас тұрғысынан алсақ, ежелгі қала қарқындап дамып тұрған кезінде толеранттылық пен діни төзімділіктің символы болғанын зор сеніммен айтуға болады. Өйткені мұнда христиан, буддизм, манихей және ислам діндерінің өкілдері қатар өмір сүрген. 1998 жылы Карл Байпақов бастаған археологтар бұл жерден будда және манихей храмдарын, сондай-ақ XII-XIV ғасырларға жататын ғимараттарды - бас мешітті, сопылық мәдениетті ұстанушылар жерленген қыштан күйдіріп және ойып өрнек салған тұрақтары мен кесенелерін тапқан. Қаялық теңге сарайында құйылған күміс және мыс теңгелердің табылуы қаланың бір кездері ірі саяси және сауда орталығы болғанын білдіреді.

Қора шатқалы

Қора шатқалы Қазақстанның Алматы облысының Ескелді ауданында, Талдықорған қаласынан 130 шақырым жерде орналасқан және Қазақстандағы ең көрікті жерлердің бірі болып есептеледі. Оның ұзындығы - Текелі қаласынан Қытайдың шекарасына дейін 90 шақырым, ал тереңдігі кей жерлерде бір километрге дейін жетеді. Айналасын үлкен-үлкен жартастар қоршап тұр. Бессонов мұздағының басындағы құзар шыңның ең жоғарғы нүктесі 3 919 метрге дейін жетеді.


Фото zhetysu.travel

Буырқанған тау өзендерінің ағысы жырып өткен шатқалдың іші өте тар, бүгінде бұл жерде ағып жатқан Қора өзені Шажа мен Текелі өзендерінің тоғысқан жерінде Қаратал өзеніне құяды. Бұл өзен Қазақстандағы ең биік - 100 метрлік Бұрқан бұлақ сарқырамасына ұласады. Ерте заманда оның суы қасиетті, ал қайнар бастауы киелі болып есептелген.


Фото zhetysu.travel

Шілде-қыркүйек айларында Қора шатқалы альпі шалғындарына, биік таулы үстірттерге және қызылды-жасылды гүлдері жайқалған алқаптарға Айнакөл бұлағы, Ақжар тау жырасы, тау баурайындағы жайлау және Асылбай шатқалы арқылы тау басындағы екі омартаның жанымен жүретін 55 шақырымдық қызықты трекинг-маршруттың бас тірейтін базасы болады.

Ағаш көлі

Ағаш көлі Алматы облысының Ұйғыр ауданында, Алматы қаласынан 280 шақырым жерде орналасқан. Солтүстігінде Қарабастау шөліне, оңтүстігінде тораңғы орманы тамыр жайған батпаққа барып тіреледі. Ағаш көлінен солтүстікке қарай Жетісудың ең ірі Іле өзені, шығысында Тянь-Шань тауының қазақстандық бөлігіндегі ірі тау өзені Шарын ағып жатыр.

Шөлді жерде орналасқан Ағаш көлінің өзіндік ерекшеліктері бар. Оңтүстік және шығыс жағалауында қамыс ұйыса өскен, ағаштар да аз емес. Солтүстігі мен батысындағы құм шағылдардың көрінісі ерекше әсем. Соған қарамастан, көлдің таза әрі тұп-тұнық суында сазан, мөңке, ақжелкен, алабұға балықтары көп кездеседі.


Фото zhetysu.travel

Көлдің шығысындағы жер бедері батпақты, лайсаң болып келеді және тораңғы көп өседі. Жануарлар дүниесі де алуан түрлі: қабандар, түлкілер, қояндар, қасқырлар бар, үйрек, қаз, көкқұтан, тырналардың қарасы мол. Көл жағасында демалуға ең қолайлы уақыт - мамыр мен қазан айларының аралығы. 

Асы үстірті

Түрген өзенінің бойымен асфальт жолмен жоғары қарай жүріп отырып, Асы үстіртіне шығуға болады. Бұл жер Алматы облысындағы табиғаты тамаша жайлаулардың бірі болып қала береді. Жаз мезгілінде альпі шалғындары жайқала өскен еңлікгүлдермен кілемдей құлпырады.

Теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте орналасқан тау аңғарында тізбектелген ерте замандағы көшпенділердің, сақтардың және ежелгі түрік тайпаларының қорғандарын көріп, таң-тамаша боласыз. Темір дәуірінде өмір сүрген көшпенділер жартастарға салынған суреттері мен таңбалары арқылы өз іздерін қалдырған. Тауешкілердің, түйелердің, қасқырлардың, есектердің, жылқылардың, бұғылардың, билеп жүрген бақсылардың, түсініксіз карталардың суреттері бар. Суреттердің басым бөлігі үстірттегі қорғандар тізбегіне қарсы орналасқан жартастарға салынған. Нағыз ашық аспан астындағы көркемсурет галереясы!