"Жерасты қаласы және ғажайып мұнаралар". Сауран несімен тартымды?

Түркістан мен Қызылорда облыстарының шекарасында, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен 45 шақырым жерде ежелгі Сауран қаласының орны бар, бұл жерде сол кезеңде қайнаған өмір болғаны анық. Кезінде бұл қала сауда және қолөнер орталығы ретінде өте танымал болған. Kaz.tengritravel.kz порталы Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-мен бірге ежелгі Сауран қаласының орны туристерді несімен қызықтыратыны жайлы толығырақ баяндайды.

Сауран тарихи маңызы зор, орта ғасырлардағы негізгі қалалардың бірі болды. Қаланың өркендеуі Ұлы Жібек жолының сауда ағынымен тығыз байланысты болды. Мұнда базарларда қызу сауда жүрді, саудагерлер сығылысып, қолөнершілер тарсылдатып жатты, мұнда билеушілермен маңызды шешімдер қабылданды.

Қала аумағы өте үлкен болды және тарихшылардың болжамы бойынша оның аумағына рабадта (қала сырты, қаладан тыс сауда және өндірістік орын – автор. ескертуі) тұратын саудагерлер мен қолөнершілерді санамағанда 15 мыңға жуық адам тұруға болады екен. Сауранның айналасында шамамен 10 шаршы шақырым аумақта орналасқан құрылыс іздері бар.

Сауран екі километрден астам (2360 метр) бекініс қабырғаларымен қоршалған. Қабырғада жеті бекініс мұнарасы болды (қару мен әскери техниканы қолдануға арналған орын – автор. ескерту). Қабырғасы жартылай сақталған, биіктігі үш-алты метрге дейін жетеді.

Қақпадан қала орталығына кең, түзу көше алып барады. Бас алаңда мешіт, мұнаралы медресе және әкімшілік ғимараттар орналасқан. Ары қарай - тұрғылықты аудандар. Мұнда 2005 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізілуде. Ғалымдар медресенің іздерін, жауынгерлік мұнараларды, бай қыш материалдарды тапқан. Мамандар орталық көшелерді, қабырғаларды, құрылыс іргетастарын қалпына келтірді. Осыдан бір-екі жыл бұрын үлкен қазына - 25 келі мыс тиындар табылған.

Сурет Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-нен

Осы аралықта археологтар билеушінің негізгі сарайы мен қала маңындағы құрбандық шалынған мешітті іздеуді жалғастыруда. Мұнда XVI-XVII ғасырларда бірінші жоғары оқу орны ашылды деп есептеледі, онда дін мен жалпы пәндер ғана емес, астрофизика мен медицина да оқытылды.

Қазіргі Қазақстан аумағындағы басқа ортағасырлық қалалармен салыстырғанда Сауранның қабырғалары мен ғимараттары жақсы сақталған. Қала көп ғасырлар жаудың шабуылына, қатты жел мен ыстық күнге төтеп берді. Ғалымдардың айтуынша, бекініс қабырғасының мықтылығы жергілікті балшыққа байланысты екен. Ол ежелден өзінің ерекше қасиетімен әйгілі болды. Бұл материалдан кірпіштер құйылып, үйлер, қоғамдық ғимараттар, мешіт, ханака (сопылық шіркеу – автор. ескертуі), керуен сарайлар (үлкен қоғамдық орын – автор. ескертуі) салынған. Сауран балшығы бүгін де танымал: қазақстандық реставраторлар оны ел аумағындағы барлық ортағасырлық діни ғимараттарды қалпына келтіру үшін қолданады.

Қызық дерек

Ұлы әмір Темір Қожа Ахмет Яссауи кесенесін Сауран балшығынан салдырған деген болжам бар. Аңыз бойынша, билеуші сарбаздар мен құлдарға Саураннан кесенеге дейін сап түзеп, балшықты қолдан-қолға тапсырып салу бұйырылған. Соның негізінде ұзындығы 45 шақырымдық адамдар тізбегі пайда болады. Осындай еңбекпен ұлы сопының кесенесі тұрғызылды, ол Сауран балшығының арқасында күні бүгінге дейін сақталды.


Сурет Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-нен

Сауран саз балшығымен ғана емес, сәулетімен де таңғалдырады. Сауран қаласында өмір сүрген ақын Васифи өз жазбаларында "Сауран ғажайыбы" аталатын екі тербелмелі мұнарасы бар медресе (азан шақырылатын мұнара – автор. ескертуі) туралы жазады.

"Айванның екі иығында ерекше биік, салиқалы екі мұнара әдемі орналасқан. Оларға шынжырлар бекітілген және әр бөрене күмбезінің астына бекітілген, егер біреу бөренені жылжытар болса, шынжырлар дірілдейді, сол арқылы қарсы жақта жүргендерге мұнаралар құлап бара жатқандай болады. Бұл әлемнің бір ғажайыбы", - деп жазады ақын.

Шындығында, бұл жай физикалық иллюзия. Алайда оның құпиясы әлі ашылмады. Мұнараға ежелгі технологияның құпиясы ашылмас үшін ғалымдарды кіргізбейді. Сауранның тербелмелі мұнаралары XIX ғасырға дейін тұрды. Осыған ұқсас мұнаралар қазір Иранның Исфахан қаласында ғана кездеседі. Енді бұл ғажайыпты тек суреттен ғана көруге болады, онда адамның мұнаралардың кірпіштерін алып, бұзып жатқандығын көруге болады.


Сауран мұнаралары. Фото М.К. Приорова, 1866 год

Сауран "кәріз" деп аталатын сумен жабдықтау жүйесімен де таңғалдырады. Тұрғындар тек кең канализациялық желіні ғана емес, ұзындығы 120 шақырымды құрайтын нағыз жерасты қаласын қамтуға қол жеткізді. Кейбір жерлерде туннельдің кеңдігі соншалық, атқа мінген адам оңай өтіп кетеді. Кәріздердің барын жария етуге қатаң тыйым салынды. Айтқандай, 6 шақырымдық бір құрылысы қой басындай алтын құймаға бағаланған.


Сурет Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-нен

Х ғасырдың деректерінде Сауран жайлы алынбайтын қамал ретінде айтылады. Оғыздар да, қыпшақтар да, тіпті Шыңғысхан да оны XIII ғасырда жаулап ала алмады. Сауран үшін кезінде қазақ пен өзбек рулары арасында көптеген қанды шайқастар туындаған. XIII ғасырда қала Ақ Орданың астанасы болды, ал XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығына өтті.

Қызық дерек

Тарихшылар қала қамалының беріктігін жергілікті билеушілердің дипломатиясымен байланыстырады. Өйткені Сауран шейхандарға тәуелді болып, оларға үлкен алым-салық төлеп тұрғанда, Шыңғыс хан осы алым-салықтың тек оннан бір бөлігін төлеп тұруға, ол үшін қаланы өз қорғауына алатынын жеткізіп, ұтымды ұсыныс түсіреді. Содан кейін Сауран билеушілері моңғолдар жағына өтеді.

XVIII ғасырдан кейін қала көшелері бос қалды, ғимараттар біртіндеп қирады. Адамдардың қаладан не үшін кеткені белгісіз. Мүмкін, бұл Ұлы Жібек жолының теңіз сауда жолдарының дамуына байланысты өзектілігін жоғалтуынан кейін болды ма, беймәлім. Мүмкін, таза судың болмауы қаланың құлдырауына әкеп соққан болар. Ескі каналдар көбейіп келе жатқан халықты қажетті көлемде қамтамасыз ете алмады, адамдар Түркістанға көше бастады. Тарихшылар бұл тақырыпты әлі де талқылайды.


Сурет Түркістан облысы бойынша туризм басқармасының "Туристік ақпараттық орталық "Turkistan Tourism Center" КММ-нен

Болашақта қала орнына үлкен ашық аспан астындағы мұражай ашу жоспарлануда. Қала орнына экскурсиялар облыстың ежелгі қалаларына жасалатын жалпы экскурсиялармен біріктірілген. Туристерге екі күн ішінде Шымкент, Түркістан, Сайрам (Исфиджаб), Сауран және Ақсу шатқалына бару ұсынылады. Сондай-ақ, Түркістан, Сауран және Отырар маңына бір күндік автотурлар бар. Сауран Түркістан қаласынан небары 45 шақырым жерде тегіс жолдың бойында орналасқан, сондықтан сіз өз автокөлігіңізбен оңай жете аласыз.