Талдықорған Ұлы Жібек жолының бойында, Жетісудың дәл ортасында, Қараталдың жағасында орналасқан. Ортағасырлық дәуірде қаланың орны ұшы-қиырына көз жетпейтін жазық дала болатын. Қазір бұл жерде инфрақұрылымы дамыған, бірақ тарихи орындарын көздің қарашығындай сақталған әсем қала бой көтерген. Tengritravel.kz порталы мен Zhetysu Travel бірлесе отырып, жер жәннаты Жетісудың астанасы туристерді несімен тартады және саяхат барысында не нәрсеге баса көңіл бөлу қажеттігі туралы айтып береді.
Талдықорғандағы қалың ағаш қаланы желден ықтап тұрады десе де болады. Қалаға келген туристердің ең алдымен, назар аударатыны да жайқалған жасыл желек. Талдықорған Алматыдан 271 шақырым жерде, Жоңғар Алатауының сілемінде орналасқан және Алматы облысының орталығы.
Қызық дерек
2015 жылы Алматы облысы орталығының құрылғанына 146 жыл толды. 1869 жылы Жетісудың картасында шағын ғана Гавриловское деген ауыл пайда болған. Ресми деректерге сүйенсек, 1917 жылы Гавриловкада үш мыңнан астам адам тұрған. Құрылғаннан кейін 53 жыл өткенде, 1922 жылдың маусым айында қалаға Талдықорған атауы беріліп, Талды-Қорған уезінің орталығы болды. Ал 2001 жылдың 14 сәуірінен, ресми түрде сол жылдың 22 қыркүйегінен бастап Алматы облысының орталығы болды.
Тарихшылардың айтуынша, Талдықорған қаласы орналасқан Қаратал өзенінің жағасындағы жер түгін тартса, майы шығатын шұрайлы жер болғандықтан, мұнда келген алғашқы қоныстанушылардың ізін ала көшіп келушілердің қарасы мол болған. Күн өткен сайын ауылдың аумағы үлкейіп, алғашқы тұрғын үйлер салына бастаған. Мысалы, жаңа ауылдағы алғашқы лашық Канальская және Северная (Талқыбаев) көшелерінің қиылысында тұрғызылған екен.
XIX-XX ғасырларда Базар алаңы бүгінде қалалық парктегі аттракциондар орналасқан жерде болыпты. Осы аумақта балшықтан құйылған тастан салынған алғашқы үйлер бой көтерген. Өйткені ол кезде тұрғындарда кірпіш тас деген мүлде болмаған.
Талдықорғандағы кейбір ғимараттар, мысалы, Ақсу облысында дүниеге келген белгілі қазақ ақыны Ілияс Жансүгіровтің атындағы облыстық әдебиет музейі XX ғасырдың басында-ақ жұмыс істей бастаған.
1933 жылы ашылған "Ажар" Талдықорған тігін фабрикасы күні бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. 1992 жылдан бері еліміздің күштік құрылымдарының арнайы киімі дәл осы жерде тігіледі. Алайда бұл жалғыз өндіріс орны емес. 1958 жылы жеміс-жидек консерв зауыты іске қосылса, 1959 жылы тігін және аяқкиім фабрикалары ашылды. Баспа және байланыс үйі, "Талдықорған" қонақүйі салынды. 1973 жылы облыстағы тұңғыш жоғары оқу орны - Ілияс Жансүгіров атындағы педагогикалық институт ашылды. 1986 жылы қазақстандық ғалымдар Талдықорғанды еліміздегі экологиялық жағынан ең таза қала деп таныды.
1915 жылдың қазан айында ауылда 156 орынға есептелген тұңғыш әрі тұрақты кинематограф ашылды. 20-жылдары онда ауыл мектебі жұмыс істеді. 30-жылдардың аяғынан 70-жылдарға дейін ол жерде қайтадан кино көрсетілді. Бұл ғимаратта басында "Октябрь", кейін "Қазақстан" деп аталған қаладағы жалғыз кинотеатр болды. Кейін 60-70-жылдары ол "Пионер" балалар кинотеатры деп аталды. Қазіргі таңда бұл жерде кафе жұмыс істеп тұр.
Қала қарқынды дами бастады, 1995 жылы Талдықорғанның солтүстінде 17 шақырым жерде ұшақтардың барлық түрін қабылдай алатын жаңа ұшу-қону жолағы мен аэровокзалдың жаңа ғимараты салынды. Бүгінде Талдықорғанның "Жетісу" авиакомпаниясы" әуежайы - заманауи әуе айлағы.
Қызық дерек
Жолаушыларды әуе жолымен тасымалдау Талдықорғанда ресми түрде қазақстандық азаматтық авиацияның бастапқы кезеңінен, өткен ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Ол кезде ұшақтар анда-санда ұшатын, ал 30-жылдары қала Алматы-Аягөз бағытындағы ұшақтардың жанар-жағармай құятын тұрақты аралық пункті болды.
Мәдениет саласына келсек, жоғарыда айтылған Ілияс Жансүгіров атындағы облыстық әдебиет музейінен басқа мұнда Тілдер сарайы, "Жастар" спорт сарайы және осы аттас парк ашылды. Парк бүгінде қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Сонымен қатар Мұхамеджан Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейі жұмыс істейді.
"Ардагерлер", "Орталық", "Жастар" мәдени парктерінде қыдыруға, Сәкен Сейфуллин атындағы кітапханаға, Бикен Римова атындағы драма театрына, қазіргі заманға сай қайта құрылымдаудан өткен кинотеатрларға баруға болады.
Қаланың айрықша көрнекті орындарының бірі - Қаратал өзенінің жағалауы. Ол шартты түрде демалыс аймағы, белсенді демалысты ұнататындарға арналған аумақ, шатыры, жаппасы, бастырмасы бар сахна аймағы сияқты негізгі бөліктерден тұрады.
Талдықорғанның төңірегінде табиғаты тамылжыған тамаша жерлер жеткілікті. Қаратал мен Ақсу өзендерінің арасында, қалаға жақын жерде орналасқан Жұмақ көлдерінің өзі қандай?! Сондай-ақ аспанмен таласа асқақтаған Жоңғар Алатауын көру үшін басқа қалалардан, тіпті өзге елдерден келетіндер де көп.