Желіде ресейлік туристерді Мысырға Ақтау арқылы жеткізудің видеосы жарияланды

Ресейлік "Северный ветер" әуекомпаниясы Ақтау әуежайын пайдаланып, Мәскеуден Хургадаға рейс орындады. Бұл туралы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің өкілдері мәлімдеді, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz.

Осыған дейін әлеуметтік желіде ресейлік туристердің рейстің кешігуіне байланысты шағымданған видеосы жарияланған еді. Әуекомпания өкілдері Хургадаға рейстің кешігуі Еуропа аумағында әуе шектеуіне байланысты екенін түсіндіріп жатыр. Сол себепті ұшақ Ақтау арқылы ұшатынын айтқан. 

Ескерту, видеода бейәдеп сөздер айтылады!

Реклама
Реклама

Өз кезегінде ИИДМ ААК өкілдері бұл мәліметті растады. 

"Северный ветер" әуекомпаниясы Мәскеу (12:10) - Ақтау (16:00/16:00) - Хургада (20:00) бағыты бойынша NWС 7811 рейсін орындауға кеш өтінім берді. Бүгін сағат 10:48-де Ақтау қаласының әуежайымен келісу және аэронавигациялық қызмет көрсету үшін ақы төлеу тұрғысынан тексеру рәсімінен кейін көрсетілген бағыт бойынша ұшуға рұқсат берілді", - деді ведомство өкілдері. 

24 ақпанда Украина өз елінің аумағында әуекеңістігі жабылғаны туралы жариялады. Содан кейін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қазақстандық әуекомпаниялардың Украина арқылы ұшуына тыйым салынғанын мәлімдеді. Қазақстаннан Украинаға осы күнге дейін тек "Эйр Астана" ұшатын, осы орайда бұл әуекомпания 7 наурызға дейін Киевке ұшатын рейстерді тоқтатты. 

27 ақпанда еуропалық елдер ресейлік әуекомпаниялардың ұшақтары үшін әуекеңістігін жабатынын мәлімдеді. Жауап ретінде Ресей олардың әуекомпанияларына ұшуға тыйым салды.