Фото © QazaqGeography, автор - Айдар Аязбаев Фото © QazaqGeography, автор - Айдар Аязбаев

Жел шақырушы немесе "Алтын-Емелдегі" реликті тоғай несімен ерекше?


Реликті өсімдіктер - шағын аумақта сақталған кейінгі геологиялық дәуір куәгерлері. Мысалы, Алматы облысындағы "Алтын-Емел" ұлттық саябағында бірнеше мың жылдық тарихы бар тораңғы тоғайы бар. Ғалымдар бұл ағаштар мұз дәуірінен қалған деп болжайды. Тораңғы тоғайы несімен ерекшеленеді, оған байланысты қандай аңыз-әңгімелер бар, тораңғы тоғайында қалай уақыт өткізуге болатыны жайлы Kaz.tengritravel.kz порталы мен Zhetysu Travel материалында баяндалатын болады.

Тораңғы, тоғырақ, тораңғы терек, Евфрат терегі, азиялық терек - мұның бәрі бір ағаштың атауы. Тарихшылар тораңғы өз атауын ежелгі Тұран мемлекетінің атауынан алған деп есептейді.

Қазақтар бұл ағашты желтораңғы, яғни "Жел шақыратын тораңғы" деп те атайды. Өйткені, желсіз күнде де ағаш бұтақтары тербеліп тұрады екен.

Ежелгі көшпенділер тораңғыны киелі ағаш ретінде қастерлеп, табынған. Қазақ эпосында бұл ағаш үш дүниені: өлі, тірі және әруақтар әлемін байланыстырады деген сенім сақталған.

© shutterstock 

Тораңғының өзен жағалауын нығайтып, жердің шөлге айналуына тосқауыл болатынын, ал аптап ыстықта тоғай саяхатшыларға құтқарушы көлеңке боларын байқаған ата-бабаларымыз бұл ағашты кесуді үлкен күнә деп санаған. Қазір тораңғы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Тораңғыға байланысты бірнеше аңыз бар. Аңыздардың бірінде, соңғы тораңғы солған кезде бүкіл әлем жойылып, шөлге айналады да, "сосын ұзақ уақыт тұз сіңген, әбден қураған, шірімеген діңдер сыртқа шығып жатады екен".

Тораңғы құмды және сортаң топырақта өседі. Оның қуатты тамыр жүйесі жерге терең (50 метрге дейін) таралады, соның арқасында ағаш құм астынан ылғалды сіңіре алады және жазда барлық өсімдіктер құрғап кететін ең қатал жағдайда өмір сүре алады.

© shutterstock 

Сонымен қатар, тораңғының жапырақтары да ерекше. Онда үш түрлі пішіндегі жапырақтарды көруге болады: төменгі жағында ұзынша келген жапырақтар болса, ортасында - сопақша, ал жоғарғы жағында - дөңгелек. Сондықтан да тораңғыны әртүрлі жапырақты терек деп те атайды.

Биші тораңғы

Әдетте, тораңғының діңі түзу және ұшар басында жайылған жапырақты тәжі болады, бірақ Алтын-Емелдегі тораңғы ағаштары бұралып, қисайып, ұшар басы жоғарыға ұмтылады. Тораңғы ерекше өсуіне байланысты "биші" кейпін елестетеді. Ұлттық саябақ тоғайларында радон бұлағы ағып жатыр, топырағы дымқыл, көлеңкесі мен шөптері көп, ағаштардың өзі бір-біріне жақын өседі.

Тораңғының қисайған діңдері мен бұтақтарында көбінесе сарышымшық, көкқарға мен бәбісек ұя салады. Ағаштың ұшар басында және "екінші қабатында" бүркіттер мен аққұйрық субүркіт қонақтайды.

Бұл жерлерде түлкі, қарсақ, тауешкі, қарақұйрық, ақкіс, ақтышқан және қосаяқ, сондай-ақ, құстардан үкі, бүркіт және лашын кездеседі.


Фото @facebook.com/turanga.group


Фото©facebook.com/turanga.group 

Тоғайға жылдың кез келген уақытында баруға болады. Сіз мұнда келген сайын ол өзінің күші мен төзімділігін паш етеді. Суықта ағаштар тас мүсінге ұқсайды, жел мен жаңыбрға төтеп береді. Көктемде тоғай суға толып, ағаштар батпаққа батады. Бір қарағанда солғандай көрінетін ағаштарда жас өскіндер пайда болады. Жазда тоғай айналадағы шөлге ұқсамайтын нағыз оазиске айналады. Күзде тоғай ашық сары түске еніп, көз тартады.

Тоғай қайда орналасқан?

Қосбастау алқабында реликті тораңғы тоғайлары мен 700 жылдық тарихы бар талды кездестіруге болады. Ол Басшы ауылынан 35 шақырым жерде Үлкен Қалқан мен Қатутау тауларының арасында орналасқан.

Туристер Қатутау мен Ақтау тауларына бара жатқанда демалу үшін осында жиі тоқтайды. Жасыл желегінің арқасында жаздың аптап ыстығында өте салқын, тоғайдың жанынан суы мұздай бұлақ ағып жатыр, шағын көл де бар. Сондай-ақ, үстел-орындықты беседкалар, автотұрақ бар, сіз шатыр құрып, таза ауада демала аласыз.





Осыған ұқсас мақалалар

Қазақстандықтарды Мысырдан шығару күндері аталды Қазақстандықтарды Мысырдан шығару күндері аталды
Қырғызстан барлық туристер үшін ПТР-тест енгізді Қырғызстан барлық туристер үшін ПТР-тест енгізді
Түркиядағы демалыс лираның құлдырауына байланысты қымбаттай ма Түркиядағы демалыс лираның құлдырауына байланысты қымбаттай ма