Еуроодақ Қазақстанның ұшу қауіпсіздігін арттыру деңгейін бағалады

Қазақстан Республикасы Азаматтық авиация комитетінің делегациясы Еурокомиссияның ұшу қауіпсіздігі комитетінің отырысында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Kaz.tengritravel.kz тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесуде қазақстандық делегация Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі саласындағы ілгерілеуі мен шаралары туралы айтып берді. Сондай-ақ, сарапшылар Халықаралық Азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) аудиторларының ИКАО-ның Үйлестірілген валидациялық миссиясы (ICVM) шеңберінде тәуелсіз тексеруі туралы баяндады. Онда Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 74 пайыздан 84 пайызға дейін арттырды, бұл орташа әлемдік көрсеткіштен 15 пайызға жоғары.

ЕО Ұшу қауіпсіздігі комитетінің мүшелері Қазақстанның қол жеткізген нәтижелерін жоғары бағалады және Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөніндегі күш-жігерін құптады.

"Қазіргі уақытта қазақстандық әуекомпаниялар үшін Еуропа елдеріне ұшуға шектеулер жоқ екенін атап өту қажет. Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігі бойынша қазіргі жағдайды ресми бағалауды Еуропалық Одақ осы жылғы маусымның басында жариялайтын болады", - делінген хабарламада.

2022 жылғы 17 мамырда Брюссель қаласында (Бельгия) Еуропалық Одаққа мүше 27 елдің авиациялық билік орындары басшыларының қатысуымен Еуропалық Одақтың Ұшу қауіпсіздігі жөніндегі комитетінің отырысы өтті, онда Қазақстанның Азаматтық авиация саласындағы ахуал және ұшу қауіпсіздігі жөніндегі есебі тыңдалды.

Еліміздегі жəне əлемдегі жаңалықтар жайында толық мəліметті таба аласыз. Instagram-дағы Kaz.tengritravel.kz-ке қосылыңыз!