"Бұл жерде алғашқы қазақ конституциясы дүниеге келген". Мәртөбе туристерді несімен қызықтырады?

Қазақ АССР-нің алғашқы Конституциясы 1926 жылы ақпанда қабылданды. 1993 жылы тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды, ал 1995 жылдың 30 тамызында мемлекеттің қолданыстағы негізгі заңы - жоғары заңдық күші бар арнайы нормативтік-құқықтық акт күшіне енді. Бірақ қазақтың заң шығару тарихы әлдеқайда ертерек қалыптасқан еді. Халқымыздың алғашқы негізгі заңы "Жеті Жарғы" - Хан Тәукенің конституциясы болды. Kaztengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірлесіп, қазақтың заңнама тарихымен және Тәуке хан алғаш рет заң бекіткен жермен таныстырады.

Мәртөбе қазақ даласы парламентінің отаны мәртебесіне әбден лайықты. Тарихшылардың айтуынша "қазақ жерінде биіктер бір төбе, бірақ Мәртөбе - жалғыз". Дәл осы жерде Тәуке хан дала заңдарының алғаш жазылған "Жеті Жарғы" кодексіне мөр басқан.


Мәртөбе ауылының кіреберісі. 2020 жылдың қыркүйегінде түсірілген сурет

Мәртөбе елдімекені Қарамұрт ауылына баратын жолда, Жаңаарық өзенінің сол жағалауында, Сайрам ауылынан шығысқа қарай бес шақырым жерде орналасқан. Қазіргі кезде бұл Шымкентке қарайды.

Мәртөбені 1978 жылы "Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштері жинағы" авторларының бірі, белгілі қазақстандық ғалым-археолог Николай Павлович Подушкин бастаған Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды экспедициясы кезінде зерттеді.

Қазақ тарихында Мәртөбе қонысы алғашқы құрылтай өткен жер ретінде белгілі. Онда қазақ рулары мен тайпаларының ақсақалдары көшпелі жер, жайылымдық аймақтар және халықаралық қатынастарға қатысты мәселелерді талқылады.


© Shutterstock

Қолайлы климат, айналаның алақандағыдай көрінісі, Ташкент пен Түркістан сияқты ірі қалалардың жақын орналасуы - осы қазақ билері жиналатын жерді таңдаудың негізгі факторы болды.

Дәл осы Мәртөбеде үш би - Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би - "Жеті Жарғы" дала заңдарының кодексіне қол қойды, ал Тәуке хан оларды өз мөрімен бекітті деген аңыз бар. Бұл төбе Тәуке хан тұсында алғашқы құрылтайдың осында өтуімен де әйгілі. Кездесулер жыл сайын өткізіліп отырған, өйткені онда көші-қонның негізгі бағыттары айқындалды, жайылымдардың аумақтары ортақ пайдалануға беріліп, халықаралық қатынастар мәселелері талқыланды, дала демократиясының құжаттары реттеліп, жаңа заңдар қабылданды. Рулар мен тайпалардың ақсақалдары руаралық даулы мәселелерді қарады. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін қазақ халқын біріктіру Мәртөбеде болғаны белгілі.

"Жеті Жарғы" және оның тарихқа ықпалы

Тәуке хан таққа отырғаннан кейін хандықтың ішкі жағдайына, мемлекеттің экономикалық және саяси нығаюына ерекше назар аударды. Сөзбе-сөз аударғанда "Жеті заң" дегенді білдіретін "Жеті Жарғы" осы салалардың барлығын реттеуге көмектесті. Ол мемлекеттік басқарудың құқықтық нормаларына негізделді. "Жеті жарғы" - бұл алдыңғы хандық биліктің ережелер жинағы десе болады: "Қасым ханның қасқа жолы" және "Есім ханның ескі жолы", қазақтардың сол кездегі өмір сүруі мен тұрмыс-салтына негізделіп жасалған заңдар жинағы.

Қазақ халқының ақылшылары, үш жүздің ықпалды билері- Төле би (Ұлы жүз), Қазыбек би (Орта жүз) және Әйтеке би (Кіші жүз) жоғарыда аталған заңнаманы жаңартып, бір жүйеге келтірді. Соңғы "Жеті жарғы" қабылданғанға дейін Тәуке хан билер кеңесінде талқылау жүргізіп, жиындар өткізіп тұрды.


© Shutterstock

Тәуке ханның "Жеті жарғысы" Қазақстан тарихындағы ең белгілі заң мұраларының бірі болып саналады. Ежелден ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ халқының ережелері, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері осы заңдар жиынтығына кірді. Олар бұқараға түсінікті және қолжетімді болды, олар XVII ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік және құқықтық әділеттілік тұжырымдамаларына сәйкес келді. Осы заңдар кодексінің қабылдануы рулар мен тайпалар арасындағы алауыздықты айтарлықтай әлсіретіп, үш жүзді біріктірді.

Заң өмірдің барлық саласын қамтитын жеті бөлімнен тұрды:

- жайылымдар мен суаратын жерлер туралы дауларды шешу үшін жер құқығы (Жер дауы);
- некеге тұру және оны бұзу тәртібін, ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, отбасы мүшелерінің мүліктік құқықтарын белгілеген отбасы және неке заңы;
- әскери қызметті жүзеге асыруды, бөлімшелер құруды және әскери басшыларды сайлауды реттейтін әскери заң;
- сот шешімін талқылайтын сот отырысы туралы ереже;
- адам өлтіруден басқа қылмыстың түрлері үшін жазаларды белгілейтін қылмыстық заң;
- адам өлтіру және денсаулыққа ауыр зардап келтіргені үшін жазаларды белгілейтін Күнә заңы;
- жесірлер мен жетімдердің мүліктік және жеке құқықтарын, сондай-ақ қоғам мен қайтыс болған адамдардың туыстарының оларға қатысты міндеттерін реттейтін жесірлер туралы заң (Жесір дауы).

Қызықты дерек

Кiсі өлтіру, ұрлық, бүлік шығару, күш көрсету, әйел ұрлау, Құдайға тіл тигізу қылмыс болып саналды. Сонымен қатар, 13 жастан бастап заңды жауапкершілікке тартылды. Некеге 13 жастан бастап отыру рұқсат етілген. Бірақ жеті ұрпаққа дейінгі қандас туыстармен некеге тұруға жол берілмеді. "Жеті жарғы" бойынша, әйелі қайтыс болған жағдайда оның әпкесіне үйленуге рұқсат етілген. Ал егер құда түскен қыз басқа адамға тұрмысқа шықса, оның туыстары алғашқы күйеу жігітке қалыңмалын толығымен қайтарып беруге міндетті, оған қосымша өтемақы ретінде айыппұл төлейді.

Сот ісі мен үкім шығаруды билер мен хандар атқарды. Олар Қазақ хандығының барлық жеріне иелік етуге құқығы болды. Әскерлердің жоғарғы қолбасшысы ретінде олар соғыс жариялауы немесе бейбітшілік орнатуы мүмкін. Тек ханның ғана басқа мемлекеттермен келіссөз жүргізуге құқығы болды.

Тәуке ханның алғашқы заңдарының бірі елдегі дау-дамайға тыйым салу болды. Заңды бұзған адам қатаң жазаланды. "Жеті жарғы" бойынша барлық ру мен тайпаның басшылары жыл сайын күзде ұлттық жиналыс өткізуге белгіленген жерге келуге міндетті болған. Сонымен бірге жиналыстарға қару-жарақпен келуге тура келді.

Алайда Тәуке ханның басқаруында барлығы ойдағыдай болмады. Сайрам шайқасындағы жеңіліс оған сабақ болды. Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін хандық ыдырап, құрылтай халықтық басқару формасы ретінде біртіндеп жойылды. Тарихтағы ең соңғы құрылтай XIX ғасырдың 30-жылдарының екінші жартысында, қазақ отбасыларының бірнеше өкілдері Кенесары Қасымовты хан етіп сайлаған кезде болды. Сондай-ақ, 1718 жылы Тәуке қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай әр жүздің өз ханы пайда болды. Содан бері жүздер дербес хандықтарға айналып, оларды Ұлы жүз, Орта жүз және Кіші жүз деп атады.

Мәртөбе қалашығы

Цитадель мен рабадтың едәуір бөлігінің (Орталық Азия мен Оңтүстік Қазақстандағы ортағасырлық қалалардағы шеткі аудандар, сауда және өнеркәсіптік қала маңы. - Ред.) қирауына байланысты, Мәртөбе қонысы ескерткішінің бастапқы орналасуын қайта құру мүмкін емес. Кезінде мұнда бекініс болғанын кішкентай төбешік қана дәлелдейді.

Фото Жамбыл Артықбаев

Жуырда бұл жер жаңартылып, мұнда тротуар төселіп, мәрмәр тақталар орнатылып, металл киіз үй тігілді.

Ежелгі қоныс орнындағы жаңа ғимараттар бәріне ұнай бермейтінін ескертеміз. Кейбіреулер бұл жерде табиғатты сақтап, металл және мәрмәр ғимараттардың орнына табиғи этнопарк ұйымдастыру қажет деп санайды.

Мәртөбе шоқысы жазықтың ортасында орналасқан, ол жер көктемде жасыл желекпен көмкерілген. Төбе етегінде кішкентай, бірақ қалың орман бар.

Танымал туристік бағыт болғанына қарамастан, бұл жер Қазақстанның оңтүстігіндегі қасиетті жерлерге саяхат жасайтын туристер үшін міндетті түрде бару керек.

Қызықты дерек

2020 жылдың 2 қазанында Мәртөбенің тарихи кешені аумағында қазіргі сот қызметкерлерінің атынан болашақ буынға қазақ тілінде хабарлама жазылған капсула салынды. Онда XIV-XV ғасырлардан басталған заманауи мемлекеттегі құқықтық мемлекет туралы айтылады.


Сурет Шымкент әкімі баспасөз қызметінен

Мүмкін, туристер үшін ең жағымды нәрсе - тарихи кешеннің ежелгі Исфиджабқа жақын болуы.

Исфиджаб

Кезінде Мәртөбе шоқысы орналасқан Исфиджаб, ал қазір Сайрам Шығыс пен Батысты байланыстырған әйгілі сауда жолының ұзақ және бай тарихының куәгері ғана емес, сонымен қатар, Ұлы Жібек жолының маңызды нүктелерінің бірі болды. Сайрамда мазарлар өте көп. Оның дәлелі: көрнекті ақын және философ Ахмед Ясауидің ата-анасы Қарашаш ана, Ибраһим ата, Әбдел Азиз Баба, Қожа Талығ, Миралы Баба, ортағасырлық Хызыр мұнарасы. Мүмкін осы себептен болар, Сайрамның әрбір жері шынымен қасиетті деп есептеледі.


© Shutterstock

Мысалы, оның негізгі базары шамамен бір жарым мың жыл бойы жұмыс істеп келеді. Бірнеше жыл бұрын су траншеясын қазып жатқан жұмысшылар оның аумағында алтын және күміс екі ескі құмыра тапқан, шамасы, көпестердің бірі жасырған көрінеді. Табылған зат Сайрам базарының ежелден құрылғанын тағы да растады.

"Жалпы, бұл аймақ барған адамға ерекше күш-қуат сыйлайды", - дейді туристер. Адам рухани ғана емес, сонымен қатар, басқа әлемге енгендей өзін ерекше сезінеді. Көріпкел адамдардың айтуынша, бұл жерлерде ғарышпен ерекше байланыс бар және сіз тіпті сол қуаттан күш ала аласыз-мыс.


Фото Visit Shymkent

Сайрам рухани жағынан ғана бай емес, дәмді тағамға да бай. Сондай-ақ, бұл жерде палау, тандыр самсасы және әйгілі Шымкент кәуабы үлкен сұранысқа ие.

Aviata.kz - үйіңізден немесе кеңсеңізден шықпай-ақ, әлемнің кез келген нүктесіне теміржол және әуе билеттерін кез келген бағытта онлайн режимінде табуға, брондауға және сатып алуға мүмкіндік беретін сервис.

Aviata қосымшасын мына сілтеме бойынша орнатуға болады.