55 жастағы жолаушы ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбағаны үшін рейстен түсірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
2023 жылғы 27 қаңтарда Астана әуежайындағы желілік полиция бөліміне Qazaq Air әуе компаниясының өкілдерінен Астана-Шымкент бағытындағы рейстің жолаушысына қатысты шара қабылдау туралы хабарлама келіп түсті. Құқықбұзушы акт бойынша көлік полицейлеріне берілді.
"Тексеру барысында полицейлер масаң күйінде болған және ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Шымкенттің 55 жастағы тұрғынын анықтады. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ол "жеңіл дәрежелі" алкогольдік масаң күйінде болған", - деп хабарлады Ішкі істер министрлігінің Telegram-каналы.
Ер адамға қатысты полиция қызметкерлері ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 440-бабы 1-бөлігі (алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келу) бойынша, 566-бабы 1-бөлігі (әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырылып, 8 айлық есептік көрсеткіш (27 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!