Әлеуметтік желіде Алматының азаматтық авиация академиясының төртінші курс студенттері мен нұсқаушы арасында болды делінген жағымсыз әңгіменің видеосы таралып кетті, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
Екі минуттық видеода нұсқаушы студенттерге сұрақ қоя отырып, балағат сөзбен қысым жасап отырғанын көруге болады.
"Тіпті [***] қайда екенін білмейсіңдер, [***] қайдан қосады, не оқығансыңдар! Қазір ғана оқыдыңдар емес пе? Қайда ол? Қай жерден қосылады [***]? Сендермен жұмыс істеу қиын, [***]. Жаңа ғана оқып отырдыңдар ғой [***]! Қайда? Іздеңдер [***]. Әйтпесе қазір бәріңді қуып шығамын. Болмайды бұлай", - дейді нұсақаушы.
Tengritravel.kz Азаматтық авиация академиясының баспасөз қызметімен хабарласып, түсінік сұрады.
"Кадрда видеоның ескі екені көрінеді, адамдар бетпердемен отыр. Бұл видео туралы басшылық 2023 жылдың 23 ақпанында білді. Осыған байланысты тәртіптік комиссия құрылды. Әзірге видео Азаматтық авиация академиясының қабырғасында түсірілгені нақтыланған жоқ", - делінген жауапта.
Академия өкілдері Алматыда авиасимуляторлары бар басқа да оқу орындары барын атап өтті.