Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Чехия Республикасының премьер-министрі Петр Фиаламен Астана мен Прага арасында тікелей әуеқатынасын ашу жоспарын талқылады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Петр Фиаланың елімізге жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты, соның ішінде көлік-логистика саласын нығайту перспективаларына баса мән берілді. Президент чех инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
"Чехия Республикасынан энергетика, машина жасау, көлік, ауыл шаруашылығы, қаржы, медицина өнеркәсібі және фармацевтика секілді экономиканың түрлі салаларына құйылатын инвестицияны құптаймыз. Сондай-ақ елдеріміздің астаналары арасында тікелей әуеқатынасын ашамыз деп сенеміз", - деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Петр Фиала Чехияның елімізбен арадағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.
"Чехия Республикасы Қазақстанмен бұрыннан достық қарым-қатынас орнатқан және оны жалғастырамыз деп сенеміз. Осы кездесуіміз белсенді байланыстарға тың серпін береді деп үміттенемін. Қазақстан – біз үшін өте маңызды серіктес. Қазақстан мен Чехия Республикасының ынтымақтастығы Еуропалық Одақ пен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастардың аса маңызды тірегінің бірі саналады", - деді Чехия премьер-министрі.
Сонымен қатар кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!