Астана мен Бейжің арасында тікелей әуе рейстері қайта ашылады, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі.
ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті Қытай Халық Республикасының авиациялық билік органдарымен бірлесіп, халықаралық әуе қатынасын одан әрі қалпына келтіру және ашу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Қазақстан мен Қытай астаналары арасында тұрақты рейстерді қайта ашу мәселесін пысықтады.
Ағымдағы жылдың 25 наурызынан бастап "Эйр Астана" әуекомпаниясы Астана - Пекин бағыты бойынша аптасына 3 рейс жиілігімен (дүйсенбі, сәрсенбі, сенбі) ұшуды қайта бастауды жоспарлап отыр. Ұшулар А-321 LR типті әуе кемелерінде орындалады.
Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 13 ақпанынан бастап "Эйр Астана" әуекомпаниясы Алматы және Бейжің қалалары арасындағы рейстерді 1 рейстен (дүйсенбі) аптасына 5 рейске дейін (дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі, жұма, жексенбі) біртіндеп ұлғайтуды жоспарлап отыр, көктемгі-жазғы навигация кезеңде аптасына 5-тен 7 рейске дейін кезең-кезеңімен одан әрі ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ұшулар А-321 типті әуе кемелерінде орындалатын болады.
Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе рейстерінің ұлғаюы екі дос ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, туристік және мәдени-іскерлік ынтымақтастықты дамытуды жеделдетуге мүмкіндік береді, сондай-ақ ҚХР азаматтары үшін енгізілген 14 күндік визасыз режимді толыққанды пайдалануға ықпал етеді.
Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!