Астана әуежайы тәулік бойғы жұмысын қайта жалғастырады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Елордалық әуе айлағының баспасөз қызметі ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстарының мерзімінен бұрын аяқталғанын хабарлады.
"2024 жылдың 1 мамырынан бастап, 24 желтоқсанға дейін жоспарланған жұмыстар аяқталды және әуежай 2024 жылдың 5 қазанынан бастап UTC 01:00-де ұшу–қону жолағындағы операцияларды штаттық режимде жалғастырады", - деді әуежай өкілдері.
Баспасөз қызметі жөндеу жұмыстарының толық аяқталмағанын, бірақ бұл рейстерге әсер етпейтінін де бөлісті.
"Жүргізілген жұмыстар барысында ауданы 26 746,64 шаршы метр магистральдық жолдағы асфальтбетон жабыны ауыстырылды, сондай-ақ ауданы 53 920 шаршы метр ұшу-қону жолағындағы асфальтбетон жабыны ауыстырылды. Мердігер орындайтын қалған кішігірім жұмыстар әуе рейстерінің жүйелілігіне әсер етпейді", - деді елорда әуежайы өкілдері.
Әуе компаниясының қызметкерлері де жолаушылар мен әуекомпанияларға осы кезеңде түсіністік пен шыдамдылық танытқаны үшін алғыс айтты.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!