Астана, Алматы немесе Шымкент. Қазақстанда туристер үшін ең танымал қала аталды

2022 жылы еліміздегі орналастыру нысандарының қызметін пайдаланған туристер саны 7,3 млн адамға жетті, бұл 2021 жылмен салыстырғанда (5,4 млн турист) 34 пайызға көп. Айта кетейік, өткен жылы ішкі туристердің жалпы саны 8,6 миллион адам болды, - деп хабарлайды Tengritravel.kz тілшісі ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Оның ішінде 928 мыңға жуығы шетелдік туристер. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсті. Ал орналастыру орындарындағы ішкі туристер саны былтыр 6,4 млн адамға жетті.

Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға қарай Қазақстанда демалушылардың санын 11 млн адамға дейін жеткізуді көздеп отыр.

"Алматы, Астана және Шымкент орналастыру орындарында қызмет көрсетілген туристер санымен көш бастап тұр. 2022 жылы Қазақстанда орналастыру орындарының қызметтерін пайдаланған туристердің жалпы саны 7,3 млн адамға жетті. Бұл санның 45 пайыздан астамы үш мегаполиске тиесілі. Сонымен қатар, тек ішкі туристердің жалпы саны 8,6 млн адамға жетті", - делінген хабарламада.

Мәселен, Алматыда бұл көрсеткіш 1,8 миллион адамға (417,4 мың - шетелдік туристер), Астанада - 1,2 миллионға жуық адамға (238,5 мың шетелдік) жетті, ал Шымкентке 450 мыңға жуық демалушы (36,5 мың шетелдік) келген.

Ішкі және сырттан кірген туристер ең аз аялдаған өңірлердің қатарында Ұлытау облысы бар. Мұнда 25 мыңнан астам адам тоқтаған. Бұдан кейін Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстары тұр. Аталған екі өңірдегі орналастыру қызметтерін 100 мың адам пайдаланған.

Мәдениет және спорт министрлігі 2029 жылға қарай Қазақстанда демалушылардың санын 11 млн адамға дейін жеткізуді көздеп отыр.

2029 жылға дейін Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстандағы ішкі туристер санын 11 млн адамға, ал шетелдік туристердің санын 4 млн-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ол үшін туристік саланы дамыту тұжырымдамасында нақты іс-шаралар қарастырылған.

Қазір елімізде туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың бірнеше құралы іске қосылған. Бұл Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен бірқатар заңнамалық норманың іске асуының нәтижесінде мүмкін болып отыр.

Мысалы, туристік нысандарды салу және реконструкциялау үшін кәсіпкердің шығындарының 10 пайыз өтеледі. Сондай-ақ, бизнесменге жол бойындағы сервис нысандарын (қонақүйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пунктері және т.б.) салу үшін де осы мөлшерде субсидия қарастырылған. 8 және одан да көп орындық туристік автобустарды сатып алғаны үшін 25 пайыз көлемінде өтемақы енгізілді. Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары да осы мөлшерде өтеледі. Сонымен қатар санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау (айына 83 000 теңге) субсидияланады.

Саяхат қызықтары мен пайдалы ақпаратты Instagram және Facebook парақшаларынан оқи аласыз!