Тянь-Шаньның асқақ таулары көлемімен таң қалдырады; оның биік тау шатқалдарында нағыз табиғи қазына жасырылған, олардың сұлулығы тамсандырмай қоймайды. Солардың бірі - Шалкөде алқабы, ол өзінің әсемдігі бойынша Швейцариядағы Альпімен бәсекелесе алады.
Kaztengritravel.kz порталы Aviata.kz сервисімен бірге осы ертегідегідей аймаққа қалай жетуге болатынын және осы алқаптың әсемдігі туралы баяндайды.
© shutterstock
Шалкөде алқабы (әр түрлі дерек бойынша қазақша атауы "әдемі жер", "жүйрік жылқы" немесе "бетегелі дала" деп аударылады), бұл жерде осы аттас Шалкөдесу өзені бар.
Бұл шетсіз-шексіз жайлау - Тянь-Шань тауларының қазақ бөлігіндегі ең үлкен алқабы. Ұзындығы жүз шақырымнан асады, ені 30 шақырым. Алып көлемі жағынан Шалкөде Түргендегі Ассы үстіртінен екі есе үлкен десе болады. Алқаптың ең биік нүктесі теңіз деңгейінен 2700 метр биіктікте орналасқан.
Солтүстігінде Шалкөде Кетпен тау жотасымен шектеседі, оның шатқалдары өте сұлу. Онда сіз альпинистер мен тау туристерінің символына айналған еңлікгүлді көре аласыз. Бұл аймаққа барған көптеген саяхатшылар оны Швейцариямен салыстырады, көбінесе қазақстандық табиғат әдемі деген пікірге саяды.
Шалкөде жазығы, www.google.com/maps
Оңтүстігінде алқапты биік Қаратау жотасы қорғайды, оның ең биік нүктесі 3728 метрге жетеді. Шығыста аңғар Айғатас тауымен шектеседі, оның биіктігі 3339 метр. Таудың ерекше пішіні жайлы көптеген аңыз-әңгімелер бар.
Фото Ксения Каримова
Үстіртте континенталды, таулы климат басым, қысы қатал, температура жиі -16 градусқа дейін төмендейді. Мұнда жаз құрғақ және ыстық, жаз айларында күндізгі температура +30 градус шамасында сақталады.
Кеш басталысымен ыстық біртіндеп басылады, түнде суық болады, аяз 2000 метрден астам биіктікте болады. Алқаптың ауа райы алдамшы, сондықтан саяхатшыларға жаздың өзінде жылы киім алып жүруге кеңес беріледі. Жазда жиі қысқа мерзімді жаңбыр жауады, қатты екпінді желмен найзағай ойнайды.
Шалкөде алқабының жануарлар әлемі алуан түрлілігімен таң қалдырады; мұнда қасқыр, сілеусін, қоңыр аюлар, тіпті барыс мекендейді. Сіз таңертең өзенге су ішуге түсетін арқар мен маралдарды көре аласыз.
Фото Евгения Каримова
Шалкөдесу Шарын өзенінің көзі деген болжам бар. Ол Тұзкөл көлінің аумағына жайылып, содан кейін ұсақ ағындар Кеген өзеніне қосылады, ол тауларды айналған соң, Шарын деп атала бастайды. Балықшылар Шалкөдесу өзеніне жиі келеді, олар солтүстік жағалауды бағалайды. Олар ақбалық тәрізді жалаңаш осман балығын аулайды, оның маусымы шілдеден тамызға дейін созылады.
Ал оңтүстік жағалауда шырша, қайың мен қарағай көп. Саңырауқұлақтар маусымы мамыр айының соңында басталып, тамыздың бірінші онкүндігінің соңында аяқталады. Бұл жерлерде тіршілік белгісі жоқ, сондықтан саяхатшылар әрдайым бай жеміс-жидекке тап болады.
Қазақстанның өлі теңізі, Тұзкөл көлі
Алқапқа жақын жерде (шамамен 30 шақырым) Тұзкөл атты көл бар, оған барар жол Кетпен тау жотасы арқылы өтеді.
Түркі тіліндегі "кетпен" сөзі кетпенге ұқсас қол құралына қатысты шыққан. Ол негізінен жерді қазуға, егістікті шабуға және суармалы арықтарды тазартуға қолданылады. Ежелгі аңыз бойынша, Жаратушы Жерді жаратқан күні өз атауын алған дейді. Әлемді жаратып болған соң, шаршап қолындағы құралы жерге түсіп кетіпті-мыс. Ол құлаған жерде төмен қарай, бірақ таңғажайып тау жотасы пайда болған екен.
Жотада шыңдардың биіктігінде күрт өзгерістер жоқ. Биіктікте тау жотасы қар сызығына жетпейді, тау шыңдары тегіс және жалпақ беткейлермен кең. Ашық ауа-райында Тұзкөлден Орталық Тянь-Шаньның басты шыңдары - Хан-Тәңірі шыңы мен Победа шыңын тамашалауға болады.
© shutterstock
Көлдегі су өте тұзды, оның концентрациясы маусымға байланысты өзгеріп отырады. Көл құрамы мен концентрациясы бойынша көл суы Өлі теңіз суларына ұқсас (салыстыру ретінде: Өлі теңіз суларында ерітілген тұздар литріне 340-350 грамм мөлшерінде, Тұзкөлде тұздың мөлшері литріне 300 граммға жетеді). Сондықтан, егер сіз шуақты күнде жүзуге бел бусаңыз, онда сізге таза тұщы сумен шайынуға кеңес береміз.
Тұзкөл көліндегі қыс. © shutterstock
Бір қызығы, Кеңес Одағы кезінде өнеркәсіптік көлемде көлден тұз өндірілген.
Тұзкөл тек жер асты көздерімен қоректенеді, оған бірде-бір өзен ағып келмейді, бірде-біреуі ағып шықпайды. Жағалау құрамы бойынша бірегей емдік балшыққа бай.
© shutterstock
Қызық дерек
Қазіргі уақытта Шалкөде өзенінің аңғарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Барлаушылар алтын іздейді. Болжам бойынша, облыста бұл металдың айтарлықтай қоры бар. Мүмкін іздеу сәтті аяқталатын шығар, себебі Жарқұлақ кен орны дәл осы өңірде, Шалкөдеден оңтүстікке қарай, Нарынқол ауылынан 65 шақырым жерде орналасқан. Ол 1939 жылы ашылды, онда іздеушілер салмағы екі граммға дейінгі кесектерді тапқан. Мезгіл-мезгіл қызығушылық танытқан туристер шахтаны тамашалауға келеді.
Жақын жерде не орналасқан?
- Темірлік шатқалы (шамамен 80 шақырым)
- Шарын шатқалы (шамамен 100 шақырым)
Қай кезде барған дұрыс?
Алқапқа барудың ең қолайлы уақыты - мамырдан қыркүйекке дейін.
Өзіңізбен бірге не алу қажет?
- Шатыр, ұйықтауға арналған сөмке, төсеніштер
- Жылы киім
- Тамақ, су
- жәндіктерге арналған спрей (маса мен кене)
Фото Ксения Каримова
Қалай жетуге болады:
Алматыдан А 351 тас жолының бойымен Сарыжас ауылына жетіп, Қарасаз ауылының бұрылысына дейін жүру керек. Қарасаз ауылынан алқапқа қолайлы жол таңдай аласыз. Оңға бұрылсаңыз, Тұзкөлге жетуге болады. Көрсетілген нүктенің сол жағында Шалкөде аттас ауыл орналасқан, оған жету үшін қара жолға (егер сізге көмек қажет болса немесе азық-түлік қорын толықтырғыңыз келсе) түсу керек.
Жазықтың солтүстігіндегі Кетпен тауы, © shutterstock
Алматыдан ара қашықтығы - 320 шақырым, жолға кетер уақыты - 5 сағаттан, қолайлы демалыс уақыты - үш күн.
Қазақстанның басқа жағынан келген саяхатшылар Алматыға Қарағанды, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Семей, Шымкент, Тараз, Орал және еліміздің басқа облыстарынан тікелей рейстермен жете алады.
Назар аударыңыз!
Бұл бағыт Қытаймен шекаралас аймаққа апарады. Мәселе туындамас үшін экспедицияның барлық мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттары болуы шарт.
Саяхаттау - ол да бір жауапкершілік екенін Авиата еске салады. Кейінгі ұрпақтың салауатты өмірі үшін және қайтар жолымыздың тазалығы үшін табиғатты барынша аялайық.
Табиғаттың ертең қандай болары біздің қолымызда. Бастаманы қолдау үшін өзіңіздің "саналы" саяхаттарыңыздан #jasylbolsyn Авиата хэштегімен фотосуреттер мен бейне-видеоларды жүктеуге болады.